«Быковать етпей, тыңдаңыз»: тараздықтар қала әкімінің орынбасарымен сөзге келіп қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Тараз қаласы әкімінің орынбасары тұрғындардан кешірім сұрауға дайын

Коллаж

Тараздықтар қала әкімінің құрылыс жөніндегі орынбасарымен жаға жыртысуға сәл қалды. Әлеуметтік желіде шаһардағы Барысхан ауданынының тұрғындары мен жергілікті шенеуніктің қордаланған мәселені талқылап жатқан видеосы тарады.

Жергілікті журналист Дүйсен Дәуренов мәселенің мән-жайын айтып, аталған аудандағы инфрақұрылымдық жұмыстың 20 жыл бойына жалғасып келе жатқанын сөз етті.

«Қаланың шығыс жақ қақпасы маңына орналасқан бұл ауданда қазір 500-ден аса үй (ресми тіркелгені), 3500-дей халық тұрады. Жаңа аудан болған соң, мұнда жарық, жол, газ, мектеп, балабақша, бәрі керек. Халық саны да жыл өткен сайын артып келеді. Қазір мұнда газ бен жарық бар. Жанбай тұрған бағаналар мен қосылмай қалған көшелер жайлы үндемей-ақ қояйын... Халықтың жанына қатты бататыны - жол мен ауыз су. Қателеспесем, ауыз судың жыры 2018-19 жылдан басталған. Алғашында құрылысты бастаған «Сұңқар 2002» ЖШС жерді қопарып, май топырағын шығарып кеткенімен, іс сол күйі аяқсыз қалды. Жобалық смета 747 үйге жасалғанымен, небәрі 421 үйдің алдына ғана құбыр жүргізіледі. Сөйтіп, қалып кеткен тұрғындардың тынымсыз өтінішінен соң, жергілікті билік мәселені қайта қарап, 326 үйді тағы да қосты. Өкінішке қарай, бұл тапсырма да аяқсыз қалып, бар болғаны 215 үй ғана қосылады. Осылайша ауданға су тартудың «екінші кезеңі» аяқсыз қалған. Тапсырыс беруші «Тараз қалалық әкімдігінің қүрылыс бөлімі» екенін ескерсек, ондағы мамандар ай қарап жүрді ма? Ал енді Барысханда су жүргізудің 3-кезеңі басталды. Мұндай не күлеріңді, не жыларыңды білмейді екенсің. Сонша кезең бойынша жүргізетіндей бұл «ғасыр жобасы» ма еді?», - дейді ол.

Ауыз суға зәру жергілікті халық әкімдіктің табалдырығын талай рет тоздырғанымен, нәтижесіне көңілі толмайды. Көктем шықса, көлік жүргізушілері былай тұрсын, жаяу адам жүруге жол таппай, батпаққа малынатын көрінеді.

«Халық судан бұрын, балшыққа батқан көшелерден шаршаған. Көктем мен күзде ауылдағыдай аяққа калош немесе резеңке етік киіп аламыз. Көліктен гөрі осы дұрыс, бір жерде батып жатпайды», - деп жазған Дүйсен Дәуренов.

Тұрғындардың базынасын тыңдауға келген Тараз қаласы әкімінің құрылыс жөніндегі орынбасары Асхат Есеналиев мәселенің шешу жолын айтамын деп, халықтың ашуын оятып алған сынды. Видеода жұртшылық лауазымды тұлғаға «халық айтқан кезде дөрекілік танытпай, жерге түсіп сөйлеңіз» деп шенеунікті сынға алды.

«Мына видеода Тараз қаласы әкімінің құрылыс жөніндегі орынбасары (өзін солай таныстырды) Асхат Есеналиев 4 сәуір күні келіп, су мәселесіне байланысты жұмысты қалай «қырып» жатқандығын түсіндіріп тұрған сәті. Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасынан жұрдай бұл азаматты «халық сайламапты». Әрине, нақты заңға сүйенсек, мұндай лауазымдағы мамандарды халық сайламайды, тағайындайды. Бірақ кім тағайындаса да, оның бірінші міндеті халыққа адал қызмет ету керектігін олар түсінгісі де келмейді! Мүмкін өзін тағайындаған «мықтыға» қызмет ететін шығар? Ондай мемлекеттік қызметкер кімге керек?», - деп жазылған.

Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігіне хабарласып, аудандағы проблеманың қашан шешілетіндігін сұрады.

«Қазір көшелерге су құбырлары толығымен жүргізілген. Ендігі кезекте тұрғындар сол құбырдан суды өз үйлеріне тартуы тиіс. Осы мәселелерді түсіндіру үшін қала әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев сол аймақтың тұрғындарымен кездесті. Оған дейін 30 наурыз күні қала әкімі Ержан Жылқыбаев жергілікті жұртшылықпен кездесуге барған. Сол кезде шаһар басшысы алдымен су жүргізу жұмыстары толық аяқталмай, ешқандай жол салынбайтынын айтты. Өйткені, жол салынғаннан кейін тұрғындар үйлеріне су тарту үшін оны қайта бұзуына тура келеді. Бұл қаражатты мақсатсыз жұмсауға әкеп соғады.

Сондықтан, тұрғындардың өз үйіне су тарту жұмыстарының аяқталуын күту керек. Сондай-ақ қазір жобалық сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Барысхан үлкен аудан болғандықтан, қала бюджеті оған жеткіліксіз. Сол үшін тиісті қаражатты облыстық бюджеттен сұрайтын боламыз», - деді қала әкімінің кеңесшісі Зарина Қуатова.

Зарина Қуатова Тараз қаласының аумағы бүгінде біршама кеңейгендігін айтты. Соңғы 10 жыл ішінде шаһардың территориясына бірқатар аудандар қосылды. Ол аймақтарда да мәселе көп. Барысхандағы жолды тегістеу мақсатында әзірге көшелерге шағал төселетіні белгілі болды.

Ал, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиевтің тұрғындармен дөрекі сөйлесуін бейнежазбаның кесілген нұсқасымен байланыстырды.

«Айта кететін жайт, қала әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев те сол Барысхан ауданының тұрғыны. Ол кісі де өзге тұрғындар сияқты сол лайды кешіп жұмысқа қатынайды. Алайда заңнан аттауға болмайды, ол жақтың мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі. Ал видеода Есенәлиевтің алдын ала мәселені толық түсіндірген жері түсірілмеген. Тұрғындар тарапынан түсініспеушілік туғандықтан, Есенәлиев ашуға бой алдырып, сондай дөрекі қарым-қатынас болған. Ал әлеуметтік желіге ол кісінің ашумен жауап қатқан тұсы ғана жарияланған. Оған дейін әкімнің орынбасары халыққа заң аясында нақты қандай шешім қабылданатындығын түсіндірген. Тұрғындарға дөрекілік танытып, халықты менсінбеу, санаспау деген болмаған. Бірақ жергілікті жұртшылық дұрыс түсінбеген болса, Асхан Есенәлиев тұрғындардан кешірім сұрауға дайын», - деді қала әкімінің кеңесшісі.