ІІМ: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің 50% астамы – әйелдер

Автор: Azattyq Rýhy

2020 жылы әйелдерге қатысты жасалған қылмыс саны 4,7%-ға өсті

Фото: ашық дереккөзден

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің 50%-дан астамы – әйелдер. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк мәлімдеді, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy тілшісі. 

«Соңғы бес жыл ішінде әйелдер құқығына қол сұғатын істер 2 есе және балаларға қатысты қылмыстар саны 3 есе азайды. Алайда, карантин және қатаң оқшаулау жағдайында тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы шиеленісе түсті. Бұл жағдай бүгінде көптеген елдерге тән. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, мұндай қылмыстардың саны 4,7 %-ға өсті», - деп түсіндірді спикер. 

Спикердің айтуынша, барлық тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы санына қатысты отбасылық қылмыс үлесі төмен деңгейде (1%) сақталуда. 

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің 50 %-дан астамы әйелдер. 6,4 %-ы – кәмелетке толмағандар. Әдетте, мұндай құқық бұзушылықтардың жартысында қылмыскер мас күйінде ұсталады. Отбасылық жанжалдар үшін жауапкершілікке тартылған азаматтардың 81% - ы еш жерде жұмыс істемейді», - деп толықтырды Алексей Милюк.