Жаңа қаулы 2 сәуірден бастап күшіне енеді
Шығыс Қазақстан облысы Бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды. Онда жазылғандай, өңір бойынша карантин 15 сәуірге дейін ұзартылды.
«Шығыс Қазақстан облысы аумағында 2021 жылғы 2 сәуірден бастап 15 сәуірге дейін шаруашылық және (немесе) өзге де қызметпен және халықтың тыныс-тіршілігінің ерекше жағдайларымен шектеу шаралары ұзартылсын», - делінген қаулыда.
Қаулыға сәйкес, Семей, Курчатов қалаларының, Бесқарағай, Бородулиха, Шемонаиха, Үржар, Зайсан аудандарының әкімдері, ШҚО денсаулық сақтау басқармасы, ШҚО мемлекеттік кірістер департаменті, ШҚО полиция департаменті, қалалар мен аудандардың санитарлық-эпидемилогиялық бақылау басқармалары өңірдің сыртқы шекараларына кіріп-шығуды бақылау үшін Алматы облысы тарапына қойылатын 3 және Қарағанды мен Павлодар облыстары аумақтарындағы 3 санитарлық бекеттің жұмысын қамтамасыз етуі тиіс.
Сондай-ақ «Ауыл», «Үбе», «Бақты», «Майқапшағай» автоөтпе жолдарындағы өткізу пункттерінде 4 санитарлық бекет қойылады.
Ерекше жағдайларда (осы қаулыда көрсетілген санаттарды қоспағанда) жекелеген санаттағы адамдарға аудандар мен қалалардың санитариялық бекеттері арқылы шығуға және келуге рұқсат ауданның немесе қаланың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша берілуі мүмкін;
Жоғары қауіпті аймақтан («қызыл» аймақтан) келген адамдарда санитариялық бекеттерді кесіп өткен кезде теріс нәтижесі бар, үш тәуліктен (72 сағаттан) аспайтын ПТР-анықтама болуы міндетті.
Еріп жүрушілерде анықтама болған кезде 5 жасқа дейінгі балалар үшін анықтама қажет емес.