ШҚО-да мектеп асханасында уланған балалар саны 82-ге жетті

Автор: Azattyq Rýhy

Облыс басшысы бұл жағдайға кінәлілердің бәрі жауапқа тартылатынын айтты

фото: мектеп асханасы

Ұлан ауданындағы Бозанбай орта мектебі оқушыларынан денсаулық жағдайларына байланысты жаппай шағым түсті. Балалардың дене қызуы көтеріліп, жүректері айнып, құсып, іштері өткен. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі облыс әкімі Даниал Ахметовтің әлеуметтік желідегі жазбасына сілтеме жасап хабарлайды.

18 наурыз күні сағат 19:00-де Бозанбай орта мектебінде мектеп асханасында оқушылардың жаппай улануы тіркелді. 48 баладан түскен шағымнан кейін мектеп карантинге жабылды. Балалар қашықтықтан оқытуға көшірілді.

«82 оқушы көмек сұрады. Оның 36-сы Өскемен қаласындағы «Ана мен бала» орталығына жатқызылды. Балалардың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында. Алдын ала диагноз – жіті ішек инфекциясы», - деп жазды облыс әкімі.

Кешеден бастап оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Оның құрамында облыстың бас педиатры, эпидемиолог, инфекционист, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары бар.

«Мектеп асханасында тамақтануды жеке кәсіпкер – жалға алушы ұйымдастырды. Қылмыстық кодекстің 304-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әрине, бұл оқиға уәкілетті органдар тарапынан тамақтандыруды ұйымдастыруды жүйелі бақылаудың болмауының салдары. Сондықтан бүгін барлығы жауапкершілікке тартылады», - деп жазды Даниал Ахметов.

Айта кетерлігі, бұл оқиғадан кейін облыста барлық мектеп, мектепке дейінгі мекемелерді, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды тексеру ұйымдастырылады.