Қызылжардағы дау: құрылыс компаниясының жұмысшылары бір жылдан бері жалақы ала алмай жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір билік тарапының бастамасымен құрылыс компаниясын банкрот деп жариялау жұмысы басталды

Фото: ашық дереккөзден

Қызылжарда құрылыс компаниясының жұмысшылары бір жылдан бері жалақысыз отыр, деп хабарлайды Астана  телеарнасы.

Казградстрой компаниясына қатысты дау былтырдан бері шешілмей келеді. Бес бірдей тұрғын үй кешенін тұрғызып жатқан серіктестік ішкі ұрылардың кесірінен қаржылық қысылтаяңға тап болып, тұралап қалды. Кәсіпорында бас-аяғы 300 жуық адам жұмыс істеген. Оның басым бөлігі келісім-шартпен қызмет етіпті. Бүгінде алпауыт компанияның өз жұмысшылары алдындағы берешегі 50 миллион теңгеден асады. Бір жылдан бері талай табалдырықты тоздырған құрылысшылар терлеп тапқан ақшасын қалай қайтарарын білмей дағдарып отыр.

«Мен дәнекерлеу бригадасында жұмыс істедім. Компания маған 460 мың теңге қарыз. Қала мен облыс басшылығына, еңбек инспекциясына жолықтым. Бірақ бәрі қамсыз отырған сияқты. Бір жылдың ішінде маған 23 мың теңге ғана қайтарылды»,- дейді дәнекерлеуші Қайрат Ахметов.  

«Біздің бригада кірпіш қалаумен айналысты. 20 адамнан тұратын бригадаға кәсіпорын тоғыз жарым миллион теңге қарыз. Қолымызда бүкіл құжаттар бар. Сот орындаушылары борышты өндірумен айналысып жатыр. Бірақ нәтижесі шамалы», - деп қынжылды тас қалаушы Марат Мусин.  

Казградстрой компаниясының өкілдері өз мүлкіне қол жеткізе алмай отырғандарын айтады. Құрылыс тоқтағаннан кейін әкімдік кәсіпорынның бүкіл техникасы мен материалдарын тәркілеп алды, дейді олар. Енді тығырыққа тірелген компания қалалық әкімдіктен бұрынғы қарызын өндіріп алмақ.

«Казградстрой компаниясы мемлекеттік бағдарламаға енген «Қызылжар 2» және «Трио 2» тұрғын үй кешендеріне арналған жобалық сметалық құжаттаманы өз қаражатына жасады. Қос жобаның құны 200 миллион теңгеден асады. Сот бұл құжаттардың компанияға тиесілі екенін растады. Енді біз оны сот арқылы емес, жеке медиаторлар арқылы өндіретін ойымыз бар. Бірақ қалалық әкімдіктен әзірге жауап жоқ», - деді құрылыс компаниясының өкілі Юлия Дуплянкина.

Билік өкілдері болса, қазір аталған құрылыс компаниясын тірілтумен емес, жұмысшылардың қарызымен айналысып жатқандарын жеткізді. Шенеуніктер құрылыс компаниясының жеке мүлкін аукционға шығармақ.

«Казградстрой компаниясы екі жобалық сметалық құжаттаманы әкімдікке сыйға тартты. Бүкіл актілер қолымызда бар. Енді олар бұл ойынан айнып, құжатты қайтарғысы келеді. Жалпы, жұмысшылардың жалақысын қайтару үшін біз құрылыс компаниясының жеке меншігіндегі 3 гектар жерді сату керек деген шешім қабылдадық. Қазір инвесторды іздестіріп жатырмыз», - деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Қазір билік тарапының бастамасымен құрылыс компаниясын банкрот деп жариялау жұмысы басталды. Бірақ Казградстройдың жетекшілері бұған қарсылық білдіріп отыр. Олар қаржылық қыспақтан шығып, құрылысты қайта жалғастыруды діттеп отыр.