Бас санитар Шектеу шараларын жалғастыру қажеттігін ескертті
Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Алматы қандай жағдайда толықтай карантинге жабылатынын айтты.
«Қазір бізде 3400 төсек-орын бар, олардың жүктемесі 40 пайыздан аспайды. Сонымен қатар, резервте 7 мың төсек бар, бірақ ол да таусылуы мүмкін. Ауруханаға тәулігіне 5000 адам жатқызылса, онда бір инкубациялық кезең ішінде барлық төсек-орындарды толығымен аламыз. Бұған жол беруге болмайды. Егер күніне 300 науқас жатқызылса да, қала локдаунға жабылады. Уақытылы шаралар қабылдамасақ, онда, әрине, барлығын толығымен жауып, тоқтатуға тура келеді. Біздің міндетіміз - бұған жол бермеу», - деді Бекшин.
Еске салайық, Алматы қаласы коронавирустың таралу қаупі бойынша 10 наурыздан бері «қызыл» аймақта тұр. 13 наурыздан бастап қалада карантин режимі күшейтілді.