Түркістан облысында полицей жетіспейді

Өңірде 100 мың тұрғынға шаққанда небәрі 185 полицейден келеді

Түркістан облысында полицей жетіспейді
көрнекі сурет

Түркістан облысында полиция қызметкерлері тапшы. Мұндай мәлімдемені сенат депутаты Әли Бектаев жоғары палатаның кезекті отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Сенатордың айтуынша, жыл сайын Түркістан қаласына миллионнан астам турист келеді. Ал облыс халқының саны 2 миллионнан асады. Бұл еліміздегі халық ең тығыз қоныстанған аймақ. Сенатордың айтуынша, полиция қызметкерлерінің жетіспеушілігі құқық тәртібін қамтамасыз етуге және есірткі тасымалына қарсы күреске теріс әсер етіп отыр.

«Облыстағы полиция қызметкерлерінің жалпы саны нормативтерден әлдеқайда төмен, әр қызметкердің жүктемесі 2-3 есе жоғары. 100 мың тұрғынға шаққандағы полиция қызметкерлерінің саны республика бойынша 386 болса, Түркістан облысында – 185. Тіпті халық саны жағынан Түркістан облысынан әлдеқайда аз өңірлерде полиция саны екі есе жоғары. Ондай фактілер бар. Бірақ ішкі істер органдарының негізгі қызметі адам құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау болғандықтан, полиция қызметкерлерінің саны да тұрғындардың санына тікелей байланысты болуға тиіс», - деп атап өтті Әли Бектаев.

Сенатор өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді күшейту үшін Түркістан облысында тәртіп сақшылары санын арттыру қажеттігін айтты.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.