Олар бюджеттің 6,5 миллион теңгесін алып үлгеріпті
Көп балалы, әрі жағдайы нашар отбасылармен бірге 1 124 жеке кәсіпкердің де АӘК алуға құжат тапсырғаны анықталды деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мәліметінше, табысын жасырып, жәрдемақы алған жандармен жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Жеке кәсіпкерлерден бөлек АӘК критерийлеріне сәйкес келмеген 634 отбасы да анықталған. Бұл жанұяларды қайта тексеру барысында 55,3 миллион теңге үнемделген.
Қазіргі уақытта қалада 60 276 адамға, оның ішінде 37 895 баланың әр қайсысына ай сайын 20 мың 800 теңгеден төленеді. Түрлі тексерістерді тұрақты жүргізіп отырған департамент өкілдері қаржыны үнемдеудің көлемі ай сайын 85,1 миллион теңгеге жеткенін айтады.
Azattyq Rýhy тілшісінің сауалына жауап берген департамент басшылары қазіргі уақытқа дейін 12 мыңға жуық отбасының 7 489-ын қайта тексеріп шыққанын айтты.
«АӘК алушылар саны ағымдағы жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда 23 есеге (523-тен 11 795 отбасыға дейін) көбейді. Көмектің орташа мөлшері 8 687 теңгені, ал балаларға кепілдендірілген көмек 24 004 теңгені (а.ж. 4 тоқсаны) құрайды. Басқа аймақтарда білім алатын 937 оқушының нақты тұратын жерін анықтау үшін үйлерді аралау жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде 597 оқушының басқа аумақтарда оқитыны анықталды, нәтижесінде 13,3 млн. теңге үнемделді», - делінген департамент басшыларының жауабында.
Бизнеспен айналысса да жәрдемақы алуға құжат тапсырған 1 124 отбасының табысын анықтауды мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері жүргізген. Уақытылы жүргізілген жұмыс нәтижесінде 186 кәсіпкерге берілуі тиіс 16,5 миллион теңгені департамент өкілдері тоқтатты.
Жалпы, Алматыда АӘК алу үшін кәсіпкерлерден бөлек тағы 2180 отбасы табысын жасырған.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы