Жәрдемақыға ағылған алматылықтар ХҚКО-ға сыймай жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Халыққа қызмет көрсету орталықтары күшейтілген тәртіпке көшкен

Көпбалалы отбасылардың орталыққа ағылуына әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келген «асығыңыздар» деген хабарлама себеп болған деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.  

Жәрдемақыға құжат қабылдау жылдың соңында аяқталады. Ал, бұрыннан 10 500 теңге алатын отбасыларға кезекке тұрып, құжат өткізудің қажеті жоқ. Өйткені, ақпарат базада болғандықтан оларға 2020 жылдан бастап берілетін жәрдемақы автоматты түрде тағайындалады.

Ал 2018-2019 жылдары төртінші немесе бесінші баласын дүниеге әкелген аналардың ХҚКО баруы міндет. Келесі жылдың қаңтар айынан бастап тағайындалатын жаңа жәрдемақының көлемі мынадай:

4 балаға – 42 496;

5 балаға – 53 127;

6 балаға – 63 757;

7 балаға – 74 388 теңгеден беріледі.

«Жәрдемақыға құжат қабылдау 4 желтоқсанда аяқталады, асығыңыздар! Балалардың туу туралы куәлігін, неке куәлігін, карточканың 20 санды номері туралы анықтаманы (жәрдемақыға арналған арнайы шот), бала күндізгі бөлімде оқыса, студент деген №4 анықтаманы (басқасын қабылдамайды), жеке куәлікті апарасыздар. Балалар мен анасы бір үйде тіркеуде болуы шарт», - делінген «Азаматтарға арналған үкімет» МК қалалық филиалы таратқан хабарламада.   

Сондай-ақ, мамандар келесі жылдың қаңтар айынан бастап көпбалалы отбасыларға беріліп келген 20 мың 800 теңге тоқтатылатынын да мәлімдеді.

«Жаңа жылдан бастап Атаулы әлеуметтік көмек алып отырғандарға 21 мың теңге жәрдемақы беру тоқтатылады. Мейлі наурызға мейлі сәуірге дейін келісімшартқа отырған болса да тоқтатылады. Баласы үш жасқа толғандар АӘК алмайды (бұрын бала жеті жасқа келгенше берілетін). Үйдегі жұмысқа жарамды адамдар жұмысқа шықпаса тоқтатылады (бұрын төлене беретін). Әр үш ай сайын құжат жинап тапсыру керек (биылғыдай бір жылға тағайындалмайды). Енді АЕК әр бала басына 20 мың 800 теңгеден төленбейді. Жалақының жетпей тұрған бөлігі ғана төленеді. Яғни АЕК бұрынғыдай 100-150 мың теңге болмайды, азаяды (елу-алпыс мыңға түсуі мүмкін). Көп балалыға берілетін жаңа жәрдемақы табыс деп есептеледі. Түптеп келгенде АЕК алатындар саны жаңа жылдан бастап күрт қысқарады», - делінген аталған ақпаратта.

ХҚКО өкілдері мыңдаған отбасы құжаттарын әлі реттемегенін айтады. Азаматтарға арналған үкімет» МК қалалық филиалының қоғаммен байланыс менеджерінің айтуынша, әр орталыққа күніне 1200-ге дейін адам келеді.

Жәрдемақының жаңа түрін Алматы қаласы бойынша 19 мыңнан астам отбасы алуы тиіс. Алайда, баланың тууына байланысты 5 565 отбасы құжаттарын қайта өткізуі тиіс болса, 1 878 жанұя мекен-жайын дұрыстау үшін ХҚКО шұғыл барулары тиіс. Ал, қалған отбасылар туралы мәлімет базада бұрыннан бар болғандықтан жәрдемақы автоматты түрде тағайындалады.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы.