Көмір өнеркәсібіндегі мемлекеттік қадағалау бөлімінің бастығы сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінді
Қарағанды облысының №1 көмір өнеркәсібіндегі мемлекеттік қадағалау бөлімінің бастығы алаяқтық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарағанды облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен Қарағанды облысы бойынша Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Департаментінің №1 көмір өнеркәсібіндегі мемлекеттік қадағалау бөлімінің бастығына қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Ол өзге азаматты «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на тиесілі «Казахстанская» шахтасына жерасты кен жұмыскері ретінде жұмысқа орналастыру үшін оның 500 мың теңге көлеміндегі қаражатын алдау арқылы иемденді деп күдікке ілінді», - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
Күдіктінің өз кінәсін мойындауына және күдікті мен оның қорғаушысының кінәні мойындау туралы мәмілеге келуіне байланысты процессуалдық ұстау қолданылған жоқ.
Күдікті кінәсінің деңгейін анықтай отырып, оған қатысты соңғы шешімді сот шығарады.