«44 жылдан бері ауыз су жоқ»: астана іргесіндегі ауыл халқы жанайқайын жеткізді

Нұресіл ауылының тұрғындары жергілікті биліктен күдер үздік дейді

«44 жылдан бері ауыз су жоқ»: астана іргесіндегі ауыл халқы жанайқайын жеткізді
Фотолардың авторы Алиакбар Қадырбаев

Нұр-Сұлтан қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан Нұресіл ауылында ауыз су жоқ. Құдықтан шыққан ащы судың өзіне зар болып отырған ауыл тұрғындары Azattyq Rýhy редакциясына хабарласып, билікке жанайқайын жеткізуді сұрады.

Мұндағы жұрт жаздың ыстығында да, қыстың -40 градустық аязында да суды су сататын бекеттен сатып алып ішеді. Олар суды үнемдейтініміз сонша, жуынуды ұмыттық дейді. Себебі, құдықтағы ащы судың өзі кейде бар, кейде жоқ.

«Жасым 73-ке келді. Құдықтан ащы су шығады, кейде ол да жоқ. Суды тасып ішеміз. Сол ащы суды жылытып, жуынамыз. Ыдыс, бәрі шіріп жатыр. Оны айтпай-ақ қояйын. Жазда су мүлдем болмай қалады.

Осыдан 10 жыл бұрын аудандық әкім келіп, «апа, өлмейсің, суды көресің» деп еді. Рахмет, өлген жоқпын. Бірақ енді бір 20 жыл жасаймын ба, жасамаймын ба, кім біледі, су проблемасын шешіңдерші. Былтыр биыл келеді деді, алдыңғы жылы былтыр келеді, су жоқ. Жылда келіп, өтірік айтып кетеді, әйтеуір. Сенуден қалдық», - дейді Мәдениет Қожахметова есімді жергілікті тұрғын.


Мәдениет Қожахметова

Мәдениет апаның осы ауылды мекендегеніне тура 44 жыл болған. Ол жарты ғасырлық уақытта ауыз су мәселесінің мүлдем шешілмегенін айтады.

Нұресілде 16 жылдан бері тұрып келе жатқан Айтбай Сұлтанұлы да биліктен үміт үздік дегенді айтып отыр. Оның сөзінше, ауылда барлығы 6 көше бар екен, соның үшеуінде су болса, қалған үш көшенің тұрғындары оны тасып ішеді.

«Кейде үйде өзім болмай қалсам, балалар суға бара алмай қиналады. Себебі, қорқады. Құдықтан шығатын су ащы. Иманов, Бигелдинов, Атамекен көшелерінің тұрғындары судың азабын тартып отыр», - дейді ол.


Айтбай Сұлтанұлы

Нұресіл ауылында 2009 жылғы санақ бойынша 1690 тұрғын бар. Оның көпшілігі – қандастар.

«Еліміз, жеріміз деп Қазақстанға Монғолиядан көшіп келдік. Шүкір, бәрі жеткілікті. Ағаммен бірге осы ауылда ашқан цехымыз бар, сонда жиһаз жасаймыз. Біз үйде жоқта 10 жасар бауырым суға барып, шелекпен су тасиды. Күн суықта оңай емес. Боран болса бара алмай қалады. Бірнеше рет мотор сатып алдық. Су ащы болғандықтан, 5-6 ай сайын бұзылып қалады. Бізге, жастарға, су тасу қиын емес. Ата-анаымыз бен кішкентай балаларға обал», - дейді Әділбек Досбол есімді ауыл тұрғыны.

Қалың көпшілікпен бірге ауылдағы өзекті өртеп тұрған мәселені айтуға келген тұрғынның бірі – Амангүл Салтыкей. Ол осы ауылда тұрып жатқан 11 жылда ауызсу мәселесін жергілікті билік алдында бірнеше рет көтердік дейді. Алайда, нәтиже болмаған.

«11 жылдан бері осы судың азабын тартып келеміз. Су күнделікті қажет. Жуынып-шайыну бізге қиын. Отбасымда 5-6 адам бар. Бала-шағалы үйге сусыз отыру қиын. Бұл мәселені бірнеше рет айттық. «Бюджеттен ақша бөлінбейді» дейді бізге. Бюджетте ақша жоқ деп енді осылай отыра береміз бе? Әкімнің бізбен шаруасы жоқ», - дейді Амангүл.


Амангүл Салтыкей

Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Нұресіл ауылдық округінің әкімі Сейфолла Ысқақов болса бұл мәселе назарда екенін айтып сендірді.

«Мен XXI ғасырда әр үйде су болғанын қалаймын. Қазір ауылда 429 үй бар. Оның 290-ы орталық су жүйесімен қамтамасыз етілген. Жаңадан салған көшелерде – 139 үйде су жоқ. Оларға қазір су беретін пункттен таза су литрі 1 теңгеден беріліп жатыр.

Елдімекенді әлеуметтік кешенді дамыту бойынша жобалық-сметалық құжатты әзірледік. 2020 әзірленген құжат биыл сараптамадан өтті. Қазір Целиноград ауданынан Ақмола облысына бюджеттік өтінім берілді», - деді Сейфолла Ысқақов.


Сейфолла Ысқақов

Ауыл әкімінің айтуынша, Нұресілде әр жыл сайын 10-15 үйден салынып, ауыл үлкейіп келеді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын көктемгі тасқын мен Вячеслав су қоймасынан тасыған су салдарынан ауылдың орталық көшелері шайылып кеткен. Бірнеше апта бойы ауыл тұрғындары елордаға қатынай алмай қиналған. Бұл оқиғадан кейін елордаға тиіп тұрған ауылға Үкімет тарапынан қаражат бөлініп, көшелер жөнделді, жарықтандырылды. Енді сумен жабдықтау мәселесі тұралап тұр.

Ауыл әкімі Сейфолла Ысқақов сумен жабдықтаудағы қиындықтар туралы айтты. Су жинақталатын орын – резервуардың қуаттылығы қазір 240 куб. Жобалық-сметалық құжатқа сәйкес, мәселені шешу үшін алдымен осы резервуар қуаттылығы 1 000 кубқа жеткізілуі тиіс. Сонда ғана ауылдың әр көшесін ауыз сумен қамтып, жазда да, қыста да су тапшылығынан арылуға болады.

«Резервуарды 1 000 кубтық қуаттылыққа ауыстырған жағдайда, 25,5 км жерді сумен жабдықтауға болады. Ол үшін жобалық-сметалық құжатқа сәйкес, бюджеттен 780 365 000 теңге бөлуді сұрап отырмыз. Биыл 2021 жылы наурыз айында бюджет нақтыланатын болады. Мен биыл бюджеттен ақша бөлінетініне сенемін. 2021-22 жылы үш көше тұрғындары сумен қамтамасыз етіліп қалады», - деді ауыл әкімі.

Ел астанасынан бар болғаны 18 шақырымдық жерде орналасқан ауыл тұрғындарының мәселесі осылайша наурыз айында шешілуі мүмкін… шешілмеуі де мүмкін.  

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.