Ұлттық біліктілік тестілеуінде 349 мұғалім ереже бұзған

Автор: Azattyq Rýhy

Тестілеу барысында мұғалімдер тыйым салынған заттарды көптеп қолдана бастаған

 

Ұлттық біліктілік тестілеуіне қатысқан мұғалімдердің 349-ы ереже бұзған. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Біз қадірлі педагогтерімізге асқан құрметпен қарап, олардың жұмысын бағалаймыз. Міне, сондықтан да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы негізінде Ұлттық біліктілік тестілеуінің қатысушыларында тыйым салынған заттардың (смартфондардың, шпаргалкалардың және басқа да құрылғылардың) бар-жоғы тексерілмейтін.

Өкінішке қарай, кейбір әріптестеріміз біздің көрсеткен құрметімізді әлсіздікке теңеп, тыйым салынған заттарды жаппай қолдана бастады», - деп жазды Дидар Смағұлов.

Егер 2020 жылы 1202 мұғалімнің ережені бұзғаны анықталса, 2021 жылғы 19 күн ішінде бұл көрсеткіш 349-ға дейін өскен.

«Сонымен қатар, микроқұлаққаптар мен микрофондарды қолданудың жаппай фактілері анықталды, негізінен олардың таралымы шектеулі және пайдалануы үшін қылмыстық бап қарастырылған!

Осы фактілерді ескеріп, бүгін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің аппараттық жиналысында Ұлттық біліктілік тестілеуін тапсыру кезінде мұғалімдерді тексеруді енгізу қажеттігін айттым», - деді ол.