«Тауарды қайтарсын»: Маңғыстауда бизнес серіктестер бір-бірін айыптап жатыр
Бүгін тараптардың бірі баспасөз мәжілісін өткізді
Маңғыстау облысында мұнайды сақтау және тасымалдаумен айналысатын екі ірі компания арасындағы дау өршіп барады. Бұл текетірес 2017 жылы басталған.
«БатысНефтеТрэйд» серіктестігі «Terminalex» ЖШС-не қара алтынды жеткізіп береді. Ол өз кезегінде өнімді құбырлар арқылы резервуарларға құйып, ары қарай мұнай танкерлеріне жүктеуге міндетті. Тараптар осы қызметті атқару үшін өзара келісімшарт жасасқан, деп хабарлайды, Azattyq Rýhy тілшісі.
СЕРІКТЕСТЕР АРАСЫНДАҒЫ ДАУ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?
Бастапқыда серіктестер жүйелі жұмысты жолға қойғанымен, 2018 жылы Маңғыстау облыстық Экономикалық тергеу қызметі (ЭТҚ) ҚР ҚК 197-бабымен іс қозғап, аты аталған екі компанияны да тергеуге алады. «Terminalex» ЖШС қоймаларына мөр басылып, тергеушілер «БатысНефтеТрэйд» компаниясын да тергеу аяқталғанша мұнай өнімдеріне тиіспеу туралы нұсқау береді.
Арада жарты жыл өткенде қылмыстық құрамы жоқ деген негізбен іс тоқтатылады. Осыдан кейін «БатысНефтеТрэйд» кәсіпорны өз серіктесінен жүкті, яғни резервуарлардағы мұнайды қайтаруды талап етеді. Осы жерде айта кету керек, компаниялар арасындағы шартқа сәйкес, мұнайды жеткізуші кәсіпорын терминал иесін 60 күннен кешіктірмей өніммен қамтамасыз етіп отыруы тиіс еді. Алайда, тергеу ісіне байланысты бұл кепілдік уақытында орындалмай қалады. «Terminalex» серіктесіне 330 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуді талап етеді. Тиісінше, «БатысНефтеТрэйд» компаниясы да тиісті қызметтің көрсетілмегенін айтып, айыппұлдың заңсыз екенін мәлімдеген.
Көп ұзамай «БатысНефтеТрэйд» ЖШС сотқа талап арыз жазып, 2019 жылы 8 мамырда Маңғыстау мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты істі қарайды. Сот «Terminalex» компаниясы жүкті толық көлемде қайтаруы керек деген қаулы шығарады. Ол кезде қоймада 13,7 мың тонна мұнай мен мұнай өнімдері сақтаулы тұрған. Ал, 330 млн теңге айыппұл негізсіз деген шешім шығады.
СОТ ОРЫНДАУШЫСЫ КІМНІҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАДЫ?
Ал, қараша айында «Terminalex» ЖШС өз серіктесінен жүкті сақтағаны үшін айыппұлдан тыс 1,2 млрд теңге төлесін деп, сотқа арызданады. Бұл жолы, яғни 2019 жылы 10 желтоқсанда Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гаухар Метерқұлова «БатысНефтеТрэйд» ЖШС-і арызданушыға 900 млн теңге төлесін деген шағымды қанағаттандырады. Көп ұзамай сот шешімін орындау үшін Серік Аханов атты жеке сот орындаушы іске кіріседі.
Бірақ, сақтау қоймасындағы мұнайдың иесі аудандық соттың сот орындаушысына берген қаулысын жарамсыз деп тану туралы Ақтау қаласының сотына арыз түсіреді. Сот орындаушысының өндірісіндегі іс тоқтатылады. Сағызша созылған сот ісі «БатысНефтеТрэйд» ЖШС өзге серіктестері мен жұмысшылары алдындағы берешегін көбейткен. Олар да кәсіпорыннан қаржы талап ете бастаған. Ал сот шешіміне сәйкес «БатысНефтеТрэйд» компаниясының барлық мүлкі «Terminalex» компаниясына өтуі тиіс.
Тараптар бірнеше рет баспасөз мәслихатын өткізіп, қалыптасқан жағдайға байланысты өз позицияларын білдірген. Бүгін «Terminalex» компаниясының басшылары Алматыда тағы да журналистердің басын қосты. Екі жақ та бір-бірін кибербуллингке жол берді деп санайды. Журналистер екі ортада пайда болған «Н-Таир» деп аталатын компанияның қоймадағы мүлікке қатысы туралы да сұрақтарға жауап алды.
МҰНДАЙ СОТ ҚАУЛЫСЫ ЖОҚ…
Бұған дейін «Н-Таир» ЖШС сақтаулы тұрған мұнай мен мұнай өнімдерінен 1,4 млрд теңгеден астам мөлшерде үлесі бар екенін мәлімдеген. Кәсіпорын «БатысНефтеТрэйд» компаниясымен арада бұрыннан екіжақты келісімшарттың бар екенін алға тартады. Алайда, жүкті бермей отырған қойма иесі бұл келісімшарт жалған деп есептейді. Бірақ жүктің иесі келісімшартты заңсыз деп тану туралы ешқандай сот қаулысының шықпағанын алға тартады.
Azattyq Rýhy тілшісіне сұқбат берген «БатысНефтеТрэйд» ЖШС заңгері Әбдіманап Исабаев бұл келісімшартқа қатысты өз пікірін білдірді.
«Бүгін баспасөз конференциясында айтылғандарды өз құлағыммен естідім. Ол жерде шындық емес, БАҚ өкілдері мен қоғамды адастыратын мәліметтер айтылды. «Terminalex» басшысы мен оның заңгері осы айтылған екі компанияның арасындағы қарым-қатынасқа қатысты сот шешімі бар дегенді айтады. Мен үлкен жауапкершілікпен заңгер ретінде мәлімдеймін: мұндай сот шешімі жоқ. Маңғыстау облыстық Кірістер департаменті «БатысНефтеТрэйд» пен «Н-Таир» арасындағы келісімшартты заңсыз деп тану туралы ешқашан сотқа талап-арыз бермеген.
Ендеше «Terminalex» компаниясының заңгері бүгін баспасөз мәслихатында 2020 жылы 3 қарашада шыққан «Маңғыстау облыстық сотының қаулысы» бар деп нені айтып отыр? Ол қаулының номерін да, өзін де көрсете алмайды. Алайда, Маңғыстау облыстық сотының 3 қараша 2020 жылғы қаулысы біздің қолымызда тұр. Ол жерде қарастырылған мәселе мүлдем басқа. Сот процесі «БатысНефтеТрэйд» пен Маңғыстау облыстық Кірістер департаментінің арасындағы салық төлемдеріне қатысты істі қараған болатын. Бұл қаулыда жоғарыда аты аталған екі компания арасындағы келісімшартты заңсыз деп тану туралы бір сөз жоқ», - дейді «БатысНефтеТрэйд» ЖШС өкілі.
Компания өкілі заң аясында әрекет етіп отырғанын және осы күнге дейін БАҚ беттерінде айтылған әрбір мәлімдемеге дәлелдер келтіре алатынын айтады. Ал Terminalex» ЖШС-не 900 млн теңгені қайтару туралы сот қаулысы заңдық күшіне енген. «Ендеше біздің тараптан сотқа қандай қысымы болуы мүмкін? Негізі «Ар-Бедел» қоры кибербулингке жол беріп, бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсетіп отыр», дейді заңгер.
«Бүгін «Terminalex» ЖШС құқығын қорғау үшін «Ар-Бедел» деген мекеменің іске кіріскені айтылды. Мен бұл қорды білемін, олар зорланған қыз туралы мәселе көтеріп, оны БАҚ беттерінде насихаттап, зорлық-зомбылық бағытындағы жұмыстарға араласып жүр. Ал бүгін байқап отырсақ, «Терминаликс» деп аталатын коммерциялық ұйымның мүддесін қорғауға көшіпті. Бұл кәсіпорынмен біздің арамызда шаруашылық дауы болғандықтан, қоғамдық қордың оған араласуға қандай құқығы бар? Кибербулингпен айналысатын қоғамдық қор неліктен «Terminalex» компаниясының мүддесін қорғап отыр? Қордың өкілі баспасөз мәслихатында компания өкілдері өздерінің құқығын қорғауды сұраағнын айтады. Егер олар материалмен таныспаса, үстіртін қараса, қордың материалдарды зерттемей іске кіріскені ме?!», - дейді Әбдіманап Исабаев.