Жоғары оқу орындарында философия пәні алынбайды – БҒМ
Министрліктің философияны міндетті пән қатарынан алып тастау туралы ұсынысы ғалымдардың наразылығын тудырған

Ақпан айының басында Білім және ғылым министрлігі еліміздегі жоғары оқу орындарында оқытылатын пәндерді қайта қарап, өзгеріс енгізген. Аталған өзгерістің ішінде философия пәнін студенттерге міндетті емес, таңдау пәні ретінде қарастыру туралы ұсыныс еліміздегі көптеген ғалымдардың наразылығын тудырған болатын.
Осыған орай белгілі дінтанушы ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай білім беру стандарттарынан философияны міндетті емес, таңдау пәніне айналдыру қате екенін мәлім етті.
«Мен мемлекеттік білім беру стандарттарындағы міндетті пәндер тізімінен философияны алып тастауға наразымын! Себебі философиялық таным, ғылыми таным, діни таным адамды қоршаған танымдардың ең белсенділері. Кәдімгі, адамның сезім мүшелері сияқты қажет танымдар. Адамнан «бес сезім мүшеңнің қайсысы ең қажетті?» деп сұрасаң, ол «әрине, бәрі» деп жауап береді... Сол сияқты философия да адам экзистенциясының ең қажетті бұлағы. Оны суалту адам тіршілігіне балта шабу. Оның үстіне қазақ болмысы, ұлты, мәдениеті әлі кешегі кеңестік инерцияның ықпалында қалып отыр. Әлі арылуға көше алмадық. Сондай ахуалды ескерместен, философияны міндеттемесек, онда масқара боламыз. Отарсыздану санаға қатысты. Кешегі тарих, тіл, өнер, мәдениеттануды, саясатты, құқықты, экономиканы философиясыз трансформациялау мүмкін емес. Мысалы, тарих философиясын білмей кеткен тарихшы ешқашан қазақ тарихының болмысын тани алмайды. Тіл философиясын білмеген филолог ешқашан қазақ тілінің проблемасын түсінбей кетеді. Кәдімгі бүгінгі алфавит жырын сағыз қылып жүрген «мамандар» сияқты... Сондықтан бұл мәселе қайта қаралсын! Онсызда тойшыл қазақты ойдан айырмайық!», - деп пікір білдірді ғалым.
Бұл мәселеге қатысты қоғам қайраткері, жазушы Ғарифолла Есім де министр Асхат Аймағамбетовке видео үндеу жолдап, наразы екенін білдірді.
«Философияны міндетті пәннен алып тастау артық. Мемлекеттік жалпы стандартты пәндер арасында 25 кредит, қазақ және орыс тіліне 300 сағат 10 кредит берілген. Қазақ тілі мен орыс тілі мектептерде 1 сыныптан 11 сыныпқа дейін оқылатын пәндер ғой. Мен академик басыммен, профессор басыммен не себепті ЖОО-ларда қазақ тілі мен орыс тілі оқылатынын түсінбеймін. Бұл мектептің негізгі пәндері емес пе?! Философия деген біздің ойлау жүйеміз ғой, неге біз мұны студенттерден тығып тастау керекпіз? Философия тек әділеттілік туралы ғана айтады. Қазір ескі қоғамнан жаңа қоғам құрылып жатқан, алмағайып кезеңдеміз. Министр мырза, осы өту процесіндегі көпір болып тұрған философия пәнін алып тастау ойланбастық деп ойлаймын», - деді Ғарифолла Есім.
Аталған мәселеге қатысты Azattyq Rýhy тілшісі Білім және ғылым министрлігіне ақпараттық сауал жолдады. Тілшіміздің сауалына үш аптаға жуық ойланған министрлік стандартты пәндер арасында философия пәні өзгеріссіз қалатынын мәлім етті.
«Жоғары оқу орындары академиялық еркіндікке ие екенін атап өту қажет. Яғни білім алушыларды қандай бағдарламамен оқытатынын әр жоғары оқу орны өзі шешеді. Ал, жалпы білім беру пәндері дисциплинасына ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ», - деп жауап берді министрлік.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан