«23 млрд теңгеден айырылғысы келмейді». Шардаралық диқандар биыл сусыз қаламыз ба деп уайымдайды
Әкімдік сендіргісі келеді, бірақ шаруалардың күмәні басым
Түркістан облысы Шардара ауданындағы Алатау батыр ауылының диқандары 23 млрд теңгеге канал жүргізу жұмыстарына байланысты егістіктеріне су ала алмайтын болып отыр. Мемлекет бюджетінен бөлінген қаражатқа «канал жүргізген тиімді» екенін алға тартып отырған өңір билігі мақта және бидай егумен жан бағып отырған халыққа канал жұмысы біткенше «өз күндеріңді өздерің көр» деп отыр.
Azattyq Rýhy тілшісі тұрғындармен сөйлесіп, мән-жайды білді. Бір жылдық күнкөрісін егістіктен табатын ауыл тұрғыны Бауыржан Садықов «биліктегілер біздің жағдайды емес, мердігер компанияның пайдасын ойлап отыр» деді.
«Жыл сайын көктемде мақта егеміз, оны баптап қараймыз, күзде мақта жиналған соң оны келісілген бағамен сатып, бір жылдық күнкөрісімізді шығарамыз. Өткенде аталған мәселені талқылағанымызда: «Каналдың жұмысын 100 метр сайын жүргізіп отырамыз, сендерге кедергі болмаймыз» деп келіскен еді. Енді кеше әкімдіктегілер келіп «бір жыл мақта екпей, оның орнына суды көп қажет етпейтін арпа, жоңышқа егіңдер. Каналдың жұмысы тоқтамау керек, әйтпесе, мемлекет бөлген 23 млрд теңгеден айырылып қаламыз» дейді. Олар ақшадан айырылып қалмауы үшін, неліктен қарапайым халық бір жыл бойына жұмыссыз, табыссыз отыруы тиіс?! Канал салынып жатыр деген аты ғана, комиссия шындап тексеру жүргізсе, жұмыс нәтижесіз. Құрылыс жұмысын бастағандарына 5-6 ай болды, қосалқы мердігер компаниялар келеді де, ақшасын дұрыс төлемеген соң кетіп қалып жатыр», - деді диқан.
Көктемгі егіс науқанына күзден бастап техникасын дайындап, жер телімін жалға алу үшін ақшасын төлеп қойған шаруалар қазірден бастап көктемгі егіс науқанында су алатынына көзін жеткізгісі келеді. Себебі, шаруалар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқан әкімдіктегілердің мақсаты «қарсылығымыз жоқ» деген қағазға қол қойдырып алу екенін айтады.
«Біз көктемгі егіс науқанына дайындықты күзде бастаймыз, жалға жер аламыз, бидайды егеміз, көктемге қарай қимылдаймыз. Жердің бәрін жыртып, лизингке алатын техникаларымызды дайындап отырсақ, егін екпей тұра тұрыңдар дейді. Наурыздың 15-нен сәуірдің 15-не дейін суару маусымы болады. 60 күннен кейін шілделік суару қажет. Біз егістігімізді суарып алғаннан кейін каналдың құрылыс жұмысын жасай беріңіздер десек, көнбей отыр. Халықты менсініп отырған жоқ. Бірнеше шаруа болып арыз да жаздық. Әкімдік каналды салып жатқан компанияның мүддесін қорғап, бізді мәжбүрлеп жатыр. Жердің гектарын бір жылға 62 500 мың теңгеге аламыз, оны айдатамыз. Әкімдік енді жердің иесіне де қысым көрсетіп отыр. Бұл жерде ұтылып отырған біз ғана. Былтыр күзде бір миллион теңгедей ақша шығарып, бәрін егіс науқанына дайындап қойдым. Мемлекет қарапайым шаруалардың жағдайын ойлап отырған жоқ. «Бір жыл несие алып күн көре тұрыңдар» деп отыр. Мақтаға арналған техникамызды да алып қойған едік. Канал жұмысына бөгет болмай тұра тұрған күнде де, гектарына 100 мың теңгеден өтемақы беруді сұрадық. Бұл ұсынысымызға де келіспей отыр», - деді Бауыржан Садықов.
Azattyq Rýhy тілшісі шаруалардың талабына байланысты әкімдік қандай уәж айтды деген мақсатпен Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз хатшысына хабарласты. Бірақ облыстағылар аталған мәселеге Шардара ауданы әкімдігі жауап беретінін мәлім етті.
Шардара ауданы әкімнің баспасөз хатшысы Рүстем Пердебеков канал жүргізу жұмыстары еліміздің төрт облысында жүріп жатқанын айтты. Сондай-ақ ол осы мүмкіндікті пайдаланып, 50 жылдан бері ескірген каналдарды жөндеуден өткізіп алғысы келіп отырғанын жасырмады.
«Жөндеу жұмыстары толық аяқталса, айналымнан шығып қалған сор тартқан жерлер қайта іске қосылады. Канал жұмыстары аяқталса, егін көлемі 10% артады деп жоспарлап отырмыз. Наурыз айының 15-не дейін аяқтап, диқандарға су береміз деп отырмыз. Үкіметтен қаржы бөлінген соң, келіп тұрған мүмкіндікті пайдаланып жөндеу жұмыстарын жүргізіп алған халыққа тиімді. Канал жұмысы аяқталған соң, 12 500 гектар егістік жерді суару жұмысы жақсармақ. Халыққа қазір біздің тарапымыздан түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Егер, шаруалардың бәрі жаппай қарсы болатын болса, мердігер компания аталған ақшамен еліміздің басқа өңіріндегі каналдарға жөндеу жұмыстарын жүргізуге дайын», - деді Рүстем Пердебеков.
Каналдарды жүргізу жұмыстарына тапсырысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны берген. Ал, жөндеу жұмыстарын жүргізетін қосалқы мердігер компания израильдік «Тахал» және «Мелиоратор» ЖШС мекемелері.
Түркістан облысы «Қазсушар» ЖШС-ның Шардара өңірлік бөлімінің басшысы Ермек Исаға да хабарластық. Бөлім басшысы «диқандарға су берілмейді» деген шешім әлі шықпады деп отыр.
«Су беру науқаны енді басталады. Толыққанды су алу жұмыстары әлі басталған жоқ. Алда-жалда су берілмейді деген әңгіме болмады. Егер, суару науқаны басталса, шаруалармен келісімшартқа отырамыз. Пандемия салдарынан 2019 жылы басталған құрылыс жұмыстары тоқтап қалып, енді ғана қарқынды жүріп жатыр. Осы канал жұмысы толық аяқталса, алда суды тиімді басқаруға, диқандарға жерасты суының көтерілмеуіне себепші болатын еді. Ал, шаруалар қазірден бастап суару науқанында сусыз қаламыз ба деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Біз ешкімді сусыз қалдырмаймыз», - деді Ермек Иса.
Айжан Бақдаулетқызы, Нұр-Сұлтан