«Мұнай қоры да бір күндері таусылады»: Маңғыстау облысының әкімі Бозжырада қонақ үй салу туралы
Облыс әкімі инвестиция тарту жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді деп сенеді

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Бозжыра шатқалында қонақ үй салу туралы қоғам пікірін екіге жарған мәселеге жауап берді.
«Елдің дамуында келелі мәселелер әр уақытта да болған және бола береді. Мәселе көтерілген кезде ел азаматтары бас көтеріп, халыққа жол сілтеп, билікке зиялы қауымның ұстанымын жеткізеді, бұған тарих куә. Біздің өлкеде де ел азаматтарының пікірі басты назарда. Әлеуметтік желіде Бозжыра мәселесіне Мемлекет басшысына жазған қолдау хатына байланысты өз пікірімді білдіргім келеді.
Мен үшін туған жерімнің әр тасы қымбат. Мен де өңір перзенті ретінде көркем табиғатымыздың бұзылмай сақталуын қалаймын.
Сонымен қатар өңір басшысы болғандықтан, халыққа жұмыс тауып беру, ел экономикасын көтеру - менің басты парызым», - деп жазды өңір басшысы.
Өңір басшысы мұнай қоры да бір күндері таусылатынын және қазір туризмді дамыту арқылы табысқа қол жеткізу пайдалы болып отырғанын айтты.
«Сіздер туған даламыздың бір бөлшегін мақсаты бөлек бөтен біреуге қиып бере салады екен деп ойламаңыздар. Барлығы да заң аясында іске асырылады. Сонымен бірге атқарушы орган өз тарапынан инвесторға табиғатты қорғау, жергілікті кәсіпкерлікті қолдау, халықтық құндылықтарымызды сақтау, туризмді әлемдік өркениетпен, адами, мәдени нормаларды сақтай отырып жүргізу бойынша нақты талаптар қойылып, қатаң қадағаланатын болады.
Мұнай қоры да бір күндері таусылады.
Қазір бізге туризмді дамыту арқылы табысқа қол жеткізу пайдалы болып отыр. Оған табиғи мүмкіндігіміз де, теңізіміз де, көрікті жерлеріміз де бар», - деп пікірін білдірді.
Облыс әкімі инвестиция тарту жұмыс орындарының ашылуына, инфрақұрылым мен туризмнің дамуына, жол тасымалының жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады деп сенеді.
«Өңірге қыруар инвестицияның келуінің арқасында туризм, соған қоса шағын және орта бизнестің (қолөнер, ұлттық тағам, ауыл шаруашылығы, т.б.) қанат жаюына, инфрақұрылымдардың дамуына, жол құрылысының өркендеуіне, жолаушылар тасымалының заманауи деңгейге көтерілуіне, жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға қол жеткіземіз.
Қазіргі таңда бір Риксостің өзінде 700-дей жаңа жұмыс оны құрылып, жерлестеріміз қызмет етуде, тиісті салық өңір қазынасына тұрақты түсіп отыр. Енді, шын мәнінде, ішкі туризмнің әлеуеті күшеюі нақты көрініс табуда.
Біз бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Инвестор ақша саламыз деп, өзі келіп тұрса, неге одан бас тартамыз?! Мұндай мүмкіндік күнде бола бермейді. Сондықтан, Бозжырадағы жобаны іске асыруымыз керек! Ол ел болашағы үшін керек!», - деп тоқталды.
Сондай-ақ Серікбай Трұмов жобаға байланысты пікірлер екіге жарылып, жеке басқа тиісу, ел азаматтарының абыройына ауыр сөздер айтылып жатқанын да байқап отырғанын жеткізді.
«Пікір алуандығы қоғамды дамытады, алға сүйрейді. Бірақ әр азаматтың таңдауы мен жеке ұстанымын құрметтеу мәдениеті ескерілуі тиіс», - деп қорытындылады сөзін.