Шағымданушылар үніміз Президентке жету үшін ештеңеден тайынбаймыз деп отыр
Нұр-Сұлтандағы қалалық сот ғимаратының алдына сот шешімімен келіспеген бір топ адам жиналды. Оларға бірнеше жыл бұрын сатып алған пәтерлерін аяқ астынан пайда болған «жаңа қожайындар» босат деп талап қойып жатыр.
Бес жылдан бері бастарын тауға да тасқа да соққан үлескерлер Жоғарғы Сот пен Ақорданың алдына барып бас көтеруге шақ қалды. 2013 жылы «Толенды» ТҚК құрылыс жұмыстарын бастамай жатып, үлескерлердің келісім -шартын өзгерткен. Яғни, құжаттағы пәтерге қатысты негізгі мәліметтер жазылған бірінші бетін заңсыз ауыстырып жібереді. Сөйтіп Түркістан және «24» көшелерінің қиылысында болуы тиіс үйдің мекен-жайы дайын тұрған «Аниса-1» тұрғын үйіне ауысып шыға келеді. Бір үйді екі рет сатқаны үшін компания жетекшілерінің бірі Айдын Байжұманов алаяқтық бабымен былтыр 8 жылға түрмеге жабылған. Ал, одан бұрын сотталып кеткен компанияның негізін қалаушы Нұржан Анарқұловтың түрмеден шығатын уақыты таяды.
Мәселені бұқаралық ақпарат құралдарында талай рет көтеріп, құзырлы органдарға шағымданып шаршаған он шақты азамат сот төрағалары жалған құжаттарға дәлелделерді көре тұра, әділетсіз шешім шығарды деп есептейді.
2014 жылы «Толенды» компаниясынан бір бөлмелі пәтерді 10 млн 500 мың теңгеге сатып алған Меруерт Өтебаева «Астананың бас жоспары» жобалау-құрылыс компаниясының бас маманы болып жұмыс істейтін Гүлнар Кенбиловадан сотта жеңіліп қалған. Өйткені, оның қолында 2012 жылы жасалған келісім-шарт бар екен. 5 баласы және мүгедек әпкесінің 2 баласымен тұрып жатқан Меруерт далада қалуымыз мүмкін деген уайыммен жүр.
«11 шілдеде үйге келіп, мені шығарып жібермекші болды. Бас прокуратураға арыздандым. Маған пәтерді босатуыма үш ай уақыт берді. Барлық сот инстациясынан ұтылып қалдым. Енді Жоғарғы сотқа арызданып жатырмын. Кеше кешке Кенбилова үйіме учаскелік полиция мен ПИК өкілдерін ертіп келіп, тексеріп кетті. Хат жазып та мазалап жүр», - деп шағымын айтты ол.
Рысты Естияр есімді азамат пәтерінен айырылып қалған Сәуле Ахметованы үш баласымен бірге өз үйін паналатып отыр. Бірақ сот шешімімен жақында өзі де баспанасын босатуы керек.
«Менің тұрып жатқаныма төртінші жыл. 2016 жылы төбемізден жай түскендей үстімізден арыз келді. Менімен тұрып жатқан Сәуленің пәтеріне Елеужанова Дана деген азаматша кіріп алды. Оның ағасы қалалық әкімдікте тұрғын үй мәселесіне жауапты бір қызметте. Қалалық сот судьясы Сүлейменов бір айда бір-біріне қарама қайшы екі шешім шығарды. Жылдың басында істі менің пайдама, соңында қарсы тараптың пайдасына шешіп берді», - дейді ол.
Шағымдана келген үлескерлерді азаматтық сот алқасының төрағасы қабылдап, апелляцияның нәтижесін күту керектігін жеткізді. Бес жыл бойына адвокат жалдап, әрқайсысы 1 млн теңгеге дейін ақша жұмсаған пәтер иелері проблема Президентке жету үшін ештеңеден тайынбаймыз деп отыр.
Абай СЕЙФУЛЛА, Нұр-Сұлтан