$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.02.2021, 10:37
Қоғам

«Шапкасын бермедік»: құрылысшылар Алматыдағы тубдиспансердің бас дәрігерінен 80 млн теңге жалақысын ала алмай жүр

Олар мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген

«Шапкасын бермедік»: құрылысшылар Алматыдағы тубдиспансердің бас дәрігерінен 80 млн теңге жалақысын ала алмай жүр
Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев

Алматыда құрылысшылар Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының басшысынан 4 жылдан бері еңбекақыларын ала алмай келеді. Төленбей қалған теңгенің көлемі 80 миллион, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Құрт (туберкулез) ауруымен ауырған адамдарды емдейтін орталықта 70-ке жуық жұмысшы жарты жылдай жөндеу жұмыстарын жүргізген. Мердігер мекеме 120 балаға арналған емдеу ғимаратын жаңартып, ішін жаңа құрал-жабдықтармен де қамтулары тиіс болған. Қажетті қаражатты Қаржы министрлігі бөлген. Министрлік өткізген тендерді тубдиспансер бастығының «таныстары» емес, «Айқара» ЖШС атты компания ұтып алған. 196 миллион теңгенің тендерін ұтқан компанияның директорына бас дәрігер бірден ескерту жасап, бас тартуды ұсыныпты. Бұл ұсыныс пен ескертуге мән бермеген компания жұмысқа қауырт кірісіп, шетелден тапсырыс арқылы аппараттарды да алдырып үлгерген. Бірақ, бір айдан кейін қаржыландыру кешігіп, жасаған жұмыстың ақысын алу қиындай бастаған. Нарықта 1993 жылдан бері келе жатқан компанияның директоры «шапка» бермеген соң осындай құйтұрқы әрекетке тап болдық дейді.

«Тендерді бас дәрігердің фирмасы ұтуы тиіс болған…»

«Қаржы министрлігінен 196 миллион теңгенің тендерін ұтып алдық. Оған біз Алматыдағы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының балалар емделетін ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Жұмыс барысында мына Мәлік Әденов (Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының бәс дәрігері – авт.) кедергі келтірді. Компаниямыздағы 70-ке жуық адам мың жарым шаршы метр көлемдегі ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе бастаған. Ол жердегі аппараттар шетелден келді. Желдеткіштерді орнату да біздің жұмысымыз. Бірақ, мекеменің бастығы бізге ақшаны уақытылы төлемей, жасалған жұмыс актілеріне қол қоймай, кедергі келтірумен айналысты. Бұл тірліктің бәрі осы Әденовтің аяқтан шалуы. Біз оларға ешқандай пара бермедік, тыңдамадық. Ақша бермегеннен кейін осындай деңгейге жеттік. Кейбір құралдарды біз орнына қоймадық, өйткені оған мүмкіндік бермеді. Біз тендерден ұтқан ақшаның белгілі бір мөлшерін Әденов мырзаға беруіміз керек пе еді? Бәлкім сонда ол бізге кедергі келтірмеса пе еді?!», - дейді «Айқара» ЖШС директоры Балтабай Садықов.

Оның сөзінше, дауға айналған тендерлік конкурсты бас дәрігердің танысы ұтып алуы керек болған көрінеді.

«Тендерді өздерінің фирмалары ұтуы керек екен. Байқауды Қаржы министрлігі жариялағандықтан, олардың оны иеленуге мүмкіндіктері болмады, ол жаққа шыға алмады. Нәтижесінде тендер ашық, әділ, қоңыраусыз өткізілді. Компаниямыз тендерді ұтқан күннің ертеңінде, бізді Әденов мырза шақырып алып, «жігіттер сендер жұмыс істей алмайсыңар, отказ беріңдер» деп айтып ескертті. Біз директордың сөзіне құлақ аспай, өзіміздің жұмыс күшімізге сеніп, жөндеуді бастап кеттік. Алайда, жүре келе ол бізге қасақана кедергі келтірді», - дейді құрылыс компаниясының директоры.  


Балтабай Садықов

120 балаға арналған емдеу орталығының құрылысы 4 жылдан бері бітпеген  

2017 жылдың жазында басталған жұмыс қаржыладыру кешіккен соң қараша айында аяқсыз қалған. Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының бәс дәрігері Мәлік Әденов жұмыс уақытылы аяқталмады деген сылтаумен «Айқара» компаниясын сотқа беріп, келісімшарттың күшін жоюды талап етеді. Компанияның директоры бастаған жұмысшылар күрделі жөдеуді жарты жолдан тастап, өздерін сотта ақтаумен әуре болады. Алынған аппараттар мен жасалған жұмыстар үшін компанияға 106 млн теңге төленіпті. Бас мердігер соттасып жүргенде, аурухана басшылары тағы да тендер өткізіп, қалған 60 миллион теңгені басқа компанияның есеп-шотына заңсыз аударып жібереді. Ал қауіпті дертке шалдыққан балаларды шұғыл түрде жатқызып емдеуге арналған 30 кабиенттік орталық сол қалпы аяқсыз қалған.

«Әденов жұмысты уақытынан кешіктірді деп, бізді бірнеше рет сотқа берді. Сотта біздің кінәміздің жоқ екені, құрылыс жұмыстарының уақытынан кешігіп жүргізілуіне мекеме басшыларының  себепкер болғаны дәлелденді. Кемшіліктер тапсырыс берушінің кінәсінен болғаны Алматы қалалық экономикалық сотында да дәлелденді. Жұмыс басталарда тапсырыс берушілердің депозитіне 31 млн теңге кепіл ақша салдық. Оны да қайтара алмадық сол күйі. Тендерді өткізген қаржы министрлігіне жағдайды баяндадық, министрліктің «депозиттегі кепіл ақша компанияға қайтарылсын» деген хатын да Әденов тыңдамады. Құрылыс нысаны әлі біткен жоқ. Мемлекеттің ақшасы жұмсалса да нысанның неге әлі күнге дейін бітпей тұрғанын сұрап жатқан ешкім жоқ.  Одан бөлек, істеген жұмысымыз үшін 49 миллиондай ақша төленбеді. Сонда барылғы 80 миллион теңгеге жуық ақшамыз қалып қойды. Президентке хат жазғанда аудит келді. Олар біздің ақшаны «Алматы сервис» деген компанияға заңсыз аударып жібергенін анықтады. Енді міне, тергеуші Арман Тұрғымбаев деген өзінің білгенін істеп, олардың жасамаған жұмыстарын жасады деп көрсеткісі келіп, өздерінің таныс сарапшыларын жағалап жүр. Осылардың кесірінен қауіпті дертке шалдыққан балаларды емдейтін маңызды әлеуметтік нысан осы уақытқа дейін қолданысқа берілмеді», - деді Б.Садықов.

«Қазақстандағы соттардың әрбірінің өз конституциясы бар секілді...»

Аудандық соттан басталған дау Жоғарғы Сотқа да жеткен. Осы күнге дейін түрлі деңгейдегі соттардың оншақты шешімі шыққан. Бірақ дауға әділ қазылар әлі нүкте қоя алмай келеді. Мердігер мекеменің басшылары бірінің шешімін кейінгісі кезектесіп бұза беретін судьялардың әрекеті болмағанда, бұл іске баяғыда нүкте қойылар еді деп санайды. Қос тараптың пайдасына кезек шыққан соттардың шешімдері әлі де бұзылуы мүмкін. Дау алдағы күндері Жоғарғы Сотта қаралады. 

«Бұл жұмысты Әденовтың фирмасы ұтуы тиіс екенін біз білмей қалдық. Тапсырыс беруші Мәлік Әденов қасындағы жігіттерді көрсетіп, сендер бізбен жұмыс істей алмайсыңдар, тапсырысты мына суб-мердігерге өткізіңдер деді. Істелген жұмысқа бақылаушылар қол қойса да, Әденов оны мойындамайды. Міне, осы даумен 4 жылдан бері соттан сотқа өтіп келеміз. Бізде әр соттың жеке конституциясы бар ма деп ойлаймын. Себебі, қалалық экономикалық сотының Мұхамедиярова, Әбілова, Адайбаев деген судьялары білімсіз. Бірі бізді жеңдіреді, бір айдан соң екіншісі бізді жеңілдіреді. Осылай кезек-кезек шешім шығарады. 2018 жылдың мамыр айында қалалық сот бізді барлық жағынан ақтады. Бір жылдан соң дәл сол қалалық соттың судьялары әлгі шешімді қайтадан жоққа шығарады. Сонда, әр судьяның өз заңы бар деген ой туады. Бізде барлық құжат бар, сатып алынған құрылыс заттары, аппараттар, істелген жұмыстардың актісі, бәрі тұр. Алайда, ақшаны әлі ала алмай жүрміз. Қаншама адам айлығын ала алмай жұмыстан кетті. Бұлар мемлекеттің ақшасына далаға шашты да, жұмысты аяқтатпады. Мемлекеттік мекеменің басшысы халықтың ақшасына адвокат жалдаумен әлек. Ал, осы уақытта бұл жерде емделуі тиіс балалар басқа жерде қыстырылысып жатуға мәжбүр болып жүр. Бұл туралы сол кездегі министр Біртановқа да хат жаздық, мән бермеді, яғни ол да сыбайлас-ау», - деді «Айқара» ЖШС директорының орынбасары Ерғали Баймолдаев.


Ерғали Баймолдаев

«Менің сөзімді бұрмалауың мүмкін, ресми хат жаз...»

ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпоры басшысының сөзінше, төрт жылдан бері тоқтап тұрған нысан биыл аяқталуы тиіс. Ол үшін қайтадан тендер жарияланып, басқа компания жұмысты жалғастырады. Бас дәрігердің сөзінше, «Айқара» ЖШС арадағы даулы проблема «шешілген». 

«Нысан биыл бітеді. Заң бойынша тендер арқылы жүргізіледі. «Айқара» компаниясымен емес, олармен арадағы келісім 2017 жылдың желтоқсанында бітіп кеткен. Келісім-шартты толық атқармаған. Оған қатысты соттың шешімдері бар. Заң бойынша бітірген жұмыстарына керекті қаражат бөлінген. Олардың алдында біздің қарызымыз жоқ, біздің алдымызда олардың қарызы жоқ. Келісімшарт уақыты да аяқталған. Мен 2017 жылы басшылыққа келдім. Өзге де сұрақтарға осы мәселемен айналысатын орынбасарым жауап берсін, ресми хат жазыңыз, менің сөздерім бұрмалануы мүмкін», - деді Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының бас дәрігері Мәлік Әденов.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары