Қала тұрғындары таңғы және кешкі уақытта автобусқа сыймай, бірінің үстіне бірі мінгесуге мәжбүр
Алматылық жолаушыларға қоғамдық көлік жетіспейді. Қала тұрғындары таңғы және кешкі уақытта автобусқа сыймай, бірінің үстіне бірі мінгесуге мәжбүр. Қоғамдық көлік тапшылығы әсіресе, Алатау ауданында қатты сезіледі.
Бұл ауданның халқы бүгінде 265 мың адамнан асады. «Зерделі», «Нұркент», «Ғажайып», «Ботакөз», «Ақмаржан» және «Дарабоз» сынды жаңа атау берілген шағынаудан тұрғындарын қаланың орталығына 6 бағыт бойынша жүретін автобустар тасиды. Сирек, әрі салоны үнемі толып жүретін қоғамдық көліктер «Атлеттер қалашығы», «Алатау сити» сынды шағын аудандар арқылы өтеді. Соңғы оншақты жылда салынған бұл аймақта халық саны елу мыңға жақындап қалған. Автобустағы жолаушылардың шамадан тыс көптігін қалта ұрылары жақсы пайдаланады екен.
Жуырда қала әкімдігі «Көкжиек» шағын ауданында орналасқан 249 пәтерді жастарға тағы үлестірмек. Халық санының артуы мәселені күрделендіре түсуі мүмкін. Сондықтан, тұрғындар аталған проблеманы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтан шұғыл шешіп беруді талап еткен еді. Мұнан кейін Azattyq Rýhy тілшісі ұзақ уақыттан бері жолаушылардың жүйкесін жұқартқан Алатау ауданындағы ахуалға зерттеу жасап көрді.
№45 бағыттағы автобусты көрген сәтте жолаушыда екі түрлі ой туады: сығылысып, қалай да мініп кету немесе ызғарлы суық күні көшеде дірдектеп, келесі көлікті күту. Ұялы телефон мен құнды заттарыңды қолды қылу қаупі де жоғары.
Таңғы сағат 8. Ауа темперетурасы минус 6-ны көрсетіп тұр. «Алматы Арена» мұз айдыны алдындағы көрініс. Аялдама жолаушыға толы.
Көптен күткен №57 бағыттағы автобуста келді. Іші лық толы болса да жолаушылар автобусқа лап қойды. Есігі әрең жабылған автобус ырғалып қозғалса да, аялдамада тұрған адам қарасы әлі де көп
Гүлнара Сейдалина есімді жолаушы автобусқа сыймай қалғанын айтады.
«Қоғамдық көлік жиі жүруі керек. Міне, №7 автобусқа сыймай, қалып кеттім. Өте ыңғайсыз. Ішке кіргенмен, жол ақысын төлейтін терминалға жету де қиын. Тым құрығанда 10-15 минут аралығында жүретіндей реттеуге болады ғой. Ауданымыз жаңа, балалар өсіп жатыр. Бар болғаны екі бағытта ғана автобус қатынайды. Есесіне такси көп. Саудаласып, ойларына келген бағаны сұрайды», - деп ренішін білдірді Сейдалина.
Төле би-Момышұлы көшелерінің қиылысындағы жағдай да мәз емес. Аялдамада тұрған жолаушылар құдды бір арнайы топталып әсер береді. Келіп жатқан автобус та адамдарға толы.
«Такси өте көп. Олар кейде қоғамдық көліктің жылдам жүруіне кедергі келтіреді. Автобустар үнемі толы. 7 және 57-бағыттағы автобустарда ұрлық көп. Үнемі ерте шығуға тырысам. 5-10 минутқа кешігіп шықсам қалаға жету мұң», - дейді өзін Қызжібек Куцевалова деп таныстырған жолаушы.
Жеңіскүл есімді жолаушы қоғамдық көлікті ұзақ күткеннен бөлек, автобус ішіндегі жолаушылардың тапталып қалатынын айтады.
«Бір-біріміздің үстімізге мініп, тапталып қаламыз. Бұл жаңа шағынаудан болғандықтан кісі көп. Құдды малды көліктің жүксалғышына салып алғандай тасиды», - деді ол.
Алматы мен қала маңындағы халыққа 14 автопарк қызмет көрсетеді. Екі миллионға жуық халық тұратын мегаполисте небәрі 1600 автобус пен троллейбус бар. Ал, 50 мыңнан аса адам тұратын жоғарыдағы шағын аудандарға №7, №57, №127, №19, №115 және №122 бағытындағы қоғамдық көліктер бөлінген.
Қала әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапановтың сөзінше, Алматыға әлі шамамен 500-700 аралығында автобус жетіспейді. Алайда, Алматы әкімдігі мәселенің күрделене түсуіне халық санының жылдам көбейіп келе жатқанын ескермейтін автопарк басшылары да кінәлі дейді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы.