Шымкенттің 2200 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтеді (ФОТО)

Автор: Azattyq Rýhy

Мерейтой 2017 жылы тойлануы тиіс болатын

Франция астанасында өткен Біріккен Ұлттар ұйымы Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі мекеменің (ЮНЕСКО) 40-шы конференциясында Шығыстың ортағасырлық ғұлама ойшылы әрі ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150-жылдығын және Шымкент қаласының негізі қалануының 2200 жылдығын 2020 жылы аталатын халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізу жөнінде арнайы қарар қабылданды.

Шымкенттің 22 ғасырлық тарихы бар екені туралы алғаш рет 2014 жылы осы қалада өткен археологтардың халықаралық ғылыми конференциясында айтылған болатын. Канада, Франция, Бельгия, Англия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінен келген ғалымдар Шымкенттің 2200 жылдық тарихы барын бір ауыздан растаған еді. Бірақ, мерейтойлық датаны әлемдік атап өту үшін ЮНЕСКО мақұлдауы керек. Қаланың пайда болу тарихын бірнеше жыл зерттеген ғалымдар алғашқы қадамды осылай жасаған. Ал, 2200 жылдық қала атанып, оны тойлау 2017 жылдың еншісіне қалған еді.

Шымкенттің көне қала екенін алғашқылардың бірі болып Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры, тарих ғылымының докторы Бауыржан Байтанаев айтқан болатын. Археолог өзінің бұл тұжырымын әлем ғалымдарының алдында археологиялық қазба деректемелерге сай баяндап та, дәлелдеп те берген. Талай жылғы зерттеу жұмысын ол осылай түйген.

Байтанаевтың айтуыша, көне Шымкент қалашығына қазба жұмыстарын жүргізу үшін жұмсалатын қаржыны жергілікті билік өкілдері бөлген. Нәтижесінде, қаланың дәл орталығында орналасқан археологиялық орыннан көне дәуірге жататын бірнеше жәдігер табылды. Мысал ретінде керамикалық кешенді айтуға болады. Оның жасын ғалымдар Афросиабпен, яғни, Самарқанмен шамалас деп отыр. Яғни, біздің эрамызға дейінгі VIIІ ғасыр.

Осылайша Байтанаев ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеулерін қорытып, Шымкент — Қазақстандағы ең көне қала деген тоқтамға келді. Оның бұл тұжырымдамасын отандық археолог Карл Байпақов та, шетелдік ғалымдар да қолдап, ежелгі қалалардың қатарына Шымкенттің де кіретіні айтқан.

«Рас, Шымкент – Ортал Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Тарихы 2200 жылдан көп болмаса, аз емес. Оны зерттеу мұнымен тоқталмайды» - деген еді Карл Байпақов.

«Археологтар өте жақсы жұмыс істеген. Маған жіберген мәліметтермен толықтай танысып шықтым. Кітаптарды да оқыдым. Сол себепті, 2200 жыл дегенмен толықтай келісемін. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне шаһардың тарихы терең», - деген болатын франциялық зерттеуші Лионнет Бертий.

Осы келелі жиыннан кейін «Шымкент — 2200 жылдық тарих» тақырыбында өткізілген халықаралық ғылыми-конференцияға жиналғандар көне шаһардың жасын бекітіп, ЮНЕСКО көлемінде атап өтуді ұсынған болатын. Ол үшін ұлттық комиссия қажетті деректердің саралап, ұсыныс беру керек еді. ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комитетінің атынан келген Юрий Пешков дәйектердің жеткілікті екенін жеткізген.

«Шымкенттің көнелігін дәлелдейтін факттер айтылды. Жылдар бойы жиналған. Бұл қаланың 2200 жылдығын атап өтуге тұрарлық негіз деп ойлаймын. Ендігі жұмыс Ұлттық комиссияға тиесілі. Өтінім берсе, алдағы уақытта қараймыз. 2016 не 2017 жылдары шымкенттіктер қалаларының 2200 жылдығын атап өтетін болады», - деген еді Юрий Пешков.

Қағазбастылық па, әлде басқа себептер болды ма, әйтеуір 2016-2017-де болмаса да, кешігіп Шымкенттің 2200 жылдығы ЮНЕСКО-ның бас конференциясында бекітілді. Тарихқа тұнған Шымқаланың жасы ресми түрде расталып, ұлғайып отыр. Сан жылдар бойы еткен еңбек ақталып, Шымкенттің 2200 жылдығы келер жылы халықаралық деігейде тойланатын болды.

Анықтама:

Шымкент қаласының аймағы жүздеген жылдар бойы көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болған. Қала бірнеше рет басқыншылардың жойқын шабуылдарына ұшырған. Шыңғыс хан жорықтарға жасақтарымен қала арқылы өтіп, ақырында Шымкент Шыңғыс хан ұрпақтарының қол астына өткен. Ақ Орда және Алтын Орда хандары жүргізген соғыстардың нәтижесінде қала Әмір Темірдің қол астына кіреді. XV ғасырдың басынан Шымкент XVIII ғасырдың жартысына дейін Жоңғар шапқыншыларының тонауына ұшырайды. Сансыз соғыстар мен өзара тартыстар жергілікті халықтардың өміріне қайғы-қасірет әкелгенімен, Сайрам оазисі-жер өңдеу мен бау-бақша және қол өнері өркендеген аймақ болып қала берді.

Айта кетейік, Шымкент 2018 жылдың маусым айынан бері республикалық деңгейдегі қала мәртебесіне ие. Бұған дейін ол Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) орталығы болатын. Халқының саны миллионнан асқаннан кейін қалаға мегаполис статусы берілді. 2019 жылдың 1 шілдесіндегі мәліметке сәйкес шымкенттіктердің саны 1 023 768 адамға жеткен.

Халық санын өсіру және іргеде жатқан елдімекендерді дамыту мақсатында соңғы бес жылдан бері Шымкентке жақын орналасқан ауылдар қала аумағына ресми қосылды. Нәтижесінде, шаһарда төртінші аудан пайда болды. Бұған дейін Еңбекші, әл-Фараби және Абай аудандары болса, олардың қатарына былтыр Қаратау ауданы қосылды. Қалаға жаңадан енген ауылдардың көбі осы Қаратау ауданында.

Арай Есенбек, Шымкент