Қазнеттегі барлық отандық интернет-ресурс тегін болады

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстандықтар тек шетелдік интернет-ресурстар үшін ғана төлем жасайтын болады

Қателер мен проблемаларды болдырмау мақсатында министрлік мамандары домендік аттарды тіркеушілермен және Компьютерлік инциденттерге ден қою қызметімен (CERT) бірлесіп, анықталған заңбұзушылықтарға талдау жүргізеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек хабарлады.

Сондай-ақ KZ және ҚАЗ домендік атаулары бар интернет-ресурстарды тоқтата тұру қолмен талдау жүргізілгеннен кейін кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады.

«Яғни, бәрін жабу және жазалау үшін жаһандық хайп жоқ және болмайды да. Домендік атаулардың иелері тоқтата тұру мерзімін 15-30 күнге ауыстыруды сұрап, министрлікке жүгінеді. Іс жүзінде әрбір өтініш бойынша министрлік қолдау көрсетеді, кейінге қалдыруға келіседі. Біз кейбіріне көп уақыт қажет екенін түсінеміз. Қазіргі кезде 3 мыңнан астам домендік атты Қазақстан Республикасының аумағына көшіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олардың бәрінің иелерінің өтініші қанағаттандырылды», - деді спикер.

Сондай-ақ, ол домендік атаулардың иелері мен қарапайым азаматтар үшін жүргізіліп жатқан жұмыстың не беретіні жайлы егжей-тегжейлі айтып берді.

Біріншіден, WebTotem отандық жүйесі арқылы қазақстандық интернет-ресурстарды ақысыз негізде қорғау бойынша қызмет көрсетіледі. KZ және ҚАЗ домендік атауы бар интернет-ресурстың кез келген иесі ақпараттық қауіпсіздік комитетіне тегін қызмет алу үшін өтінім жібере алады.

Ал барлық қазақстандық домендік атауларды ел аумағына көшіру процесі аяқталғаннан кейін министрлік байланыс операторларымен бірлесіп, ел азаматтары үшін Қазнетке тарифтелмейтін қолжетімділік жасауды жоспарлап отыр. Яғни, азаматтар шетелдік интернет-ресурстарға қолжетімділік үшін ғана төлейтін болады, ал Қазнеттің отандық барлық интернет-ресурстары тегін болады.