Түнгі уақытта жасөспірімдерді қараусыз жіберген 210 ата-ана жазаланды
Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмаған балаларына тиісті тәрбие бермей, немқұрайлы қарағаны үшін 82 ата-ана жауапқа тартылып, тәртібі нашар 16 бала есепке қойылды. Түнгі уақытта жасөспірімдерді қараусыз жіберген 210 ата-ана жазаланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Түнгі сағат бірлер шамасында Назарбаев және Мүсірепов көшелерінің қиылысында ювеналдық полицейлер бір топ жасты тоқтатты. Тексеру барысында жастардың бірінің кәмелет жасына толмағандығы белгілі болды. Өткен жазда дәл осы қылығы үшін инспекторлардың көзіне түсіп үлгерген. Осы жолы да оның анасы шақыртылды. Әкімшілік кодекстің 442-бабы бойынша хаттама толтырылып, жасөспірімнің анасымен профилактикалық сипаттағы әңгімелесу жүргізілді.
СҚО полиция бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың айтуынша, жыл басынан ювеналдық полицейлер облыс бойынша 60-тан астам рейдтік іс-шаралар өткізген. Қаңтар айында полицияға кәмелетке толмаған 319 жасөспірім жеткізіліпті. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үй-жайдан тыс жүргені үшін 210 заңды өкіл жауапкершілікке тартылды. Түрлі құқық бұзушылықтар үшін өңір аумағында 8 жасөспірім есепке қойылыпты. Бүгінгі таңда полицияның есебінде 190 жасөспірім тұр екен. Олардың әрқайсысымен полицейлер мен ұстаздар жекелей жұмыстар жүргізеді.
«Қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу тек жасөспірімдердің арасында ғана емес, мұндай жұмыстар ата-аналар арасында да өткізіледі. Көшелердегі рейдтерден бөлек сақшылар тәртібі нашар отбасыларға тұрғылықты мекенжайлары бойынша барады. Жасөспірімдер тарапынан болатын, сондай-ақ оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу жөніндегі жұмыстар облыстық Полиция департаменті басшылығының бақылауында. Қазір оқушылар үшін оқу жылының үшінші тоқсаны өтуде. Жоғарғы сынып оқушылары үшін бұл тоқсан – ең ұзақ және қиын кезең. Ювеналдық полицейлердің, ұстаздардың және ата-аналардың ортақ міндеті – балалардың жастық шағы таза, еш заңбұзушылықсыз өтуі үшін түрлі олқылықтардың алдын алу», - деді Қанат Айтбаев.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО