Британдық азамат екі рет коронавирус жұқтырғанынан бейхабар
19 жастағы британдық азамат коронавирус пандемиясынан бейхабар болып шықты. Бұл туралы The Guardian хабарлайды.
10 ай бойы комада болған жас жігіт екі рет коронавирус жұқтырғанына қарамастан, әлемдік пандемия туралы әзірге ештеңе білмейді.
Британдық Джозеф Флавилл есімді азамат өткен жылдың 1 наурызында көлік апатына ұшыраған. Осы оқиғадан кейін тура үш апта өткенде Ұлыбритания пандемияға байланысты шекарасын жапты. Джозеф ми жарақатын алғаннан кейін бірнеше ай ессіз жатқан. Жақында ғана оянған науқас әлі де клиникада ем қабылдап жатыр екен. Өйткені оңалту процесі біраз уақытқа созылмақ.
Оның әпкесі Салли Флавилл әлемде болып жатқан құбылысты бауырына қалай түсіндірерін білмейді.
«Ол пандемия туралы ештеңе білмейді. Қазір ол ақырындап қалпына келе бастады. Мен әлемде болып жатқан өзгерісті қалай түсіндірерімді білмеймін. Бір жыл бұрын, егер біреу маған дәл осындай пандемия болатынын айтса, сенбес едім» - дейді Салли Флавилл.
Апаттан кейін британдық азаматтың ағзасында екі рет коронавирус инфекциясы анықталған. Дегенмен, дәрігерлер дер кезінде шара қолданып, науқастың тезірек жазылуын қамтамасыз еткен.
Айта кетерлігі, карантин салдарынан Джозефтің жақындарымен жүзбе-жүз кездесуіне әлі де мүмкіндігі жоқ.