Нұротандық депутат 6 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты әкеге үй сыйлады
Ерхат Тоқтаров жақында немерелі болған
Алматы облысы Сарқан қаласының тұрғыны, 6 баланың әкесі Ерхат Тоқтаров «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне баспанаға қатысты мәселесімен келген еді. Төрт қыз және екі ұл өсіріп отырған әкенің ең кенжесі небәрі үш жаста. Шиеттей бала-шағасымен тұрып жатқан Ерхаттың аумағы 18 шаршы метр ескі әрі кішкентай үйінің әбден тозығы жеткен.
Өзі де көп бала тәрбиелеп отырған - облыстық мәслихаттың жаңа шақырылым депутаты Руслан Қожасбаев Ерхаттың басындағы жағдайға бей-жай қарамады. Ол кәсіпкер ұлы Саянмен бірге Ерхат пен оның балаларына Сарқан қаласынан жаңа үй сыйлады.
«Үй жылы әрі кең, енді балаларым бұрынғыдай тар жерде қысылып-қымтырылмайтын болды. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өз үйің, бау-бақшаң болғанға не жетсін! Енді біздің өз баспанамыз бар! Жақында отбасымда тағы бір үлкен қуаныш болды. Немерем дүниеге келді – мен ата болдым! Міне, жаңа 2021 жыл осындай жағымды жаңалықтармен басталды», - деп қуанышымен бөлісті көпбалалы әке Ерхат Тохтаров.
Руслан Қожасбаев мәслихаттағы жұмысы осылай басталғаны жігерлендіретінін айтты.
«Осы үлкен де тату отбасы балаларының болашақтары жарқын болсын деп шын жүректен тілеймін. Бір отбасыға қуаныш сыйлаған осы іске өзімнің үлес қосқаныма өте қуаныштымын. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде жұмысымды осындай игі іспен бастағанымның өзі маған жігер береді. Халықпен бірге, «Nur Otan» партиямызбен бірге тұрғындардың мәселелерін шешуге көмектесу, туған жерім Сарқан ауданын көркейту үшін қолымнан келгеннің бәрі жасаймын!», - деді Руслан Қожасбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.