Халал вакцина: «Спутник V» екпесінің құрамы тексерілуі керек

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Қазақстанда жаппай вакциналау басталды

Ресейдің дінбасылары отандық «Спутник V» екпесінің құрамын ашық көрсетуді талап етті. Вакцина жасаушылар өнімнің діни көзқарастарға кереғар келмейтін тұстары туралы да айтуы тиіс. Ресей мұсылмандары діни басқармасы коронавирусқа қарсы вакцинаны жасап шығарған Н.Ф.Гамалеи атындағы ұлттық зерттеу орталығы директорына хат жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бұл туралы Ресейдің «Коммерсант» басылымы жазды. Орталық басшысы Александр Гинцбург «Спутник V» вакцинасының құрамы туралы ашып айтуды талап етті. Себебі бұл Ресейдегі күллі мұсылман жұртын алаңдатқан сауал. «Ислам көзқарасы тұрғысынан тыйым салынатын жағдайлар болуы мүмкін ғой», - деді Мәскеу мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ильдар Аляутдинов.

Сондай-ақ, вакцинаның халал сертификатын Татарстан мүфтияты да талап етті.  Республикадағы «Халал» стандарты комитетінің төрағасы Ирек Зиганшиннің айтуынша, Татарстан Ресейдегі мұсылмандар көп тұратын аймақ. Оның есебінше, РФ-да 25 миллион адам ислам дінін ұстанады. Сондықтан екпенің халал сертификаты болғаны абзал, деді мүфтият өкілі.

Вакцина құрамында спирт, шошқа майы, желатин өнімдері болса діни наным-сенімге кереғар. Бірақ адам денсаулығы үшін бұл екпенің рөлі маңызды болса, діни басқарма оны елге салмаңдар деп кері үгіт жүргізбейді. «Кез-келген дәрінің құрамында ислам дінінде рұқсат етілмеген заттар болуы мүмкін. Бірақ діни ерекшеліктерге сәйкес, әрбір өнімнің халал сертификаты болғаны маңызды. Бұл біздің қағидамыз. Қалғанын әр адам өзі шешеді», - деді Ильдар Аляутдинов.

Ал 250 млн халқының 90 пайызы мұсылмандардан тұратын Индеонезия коронавирусқа қарсы вакцинаның барлығын тексеруден өткізуге шешім қабылдаған. Ресми Джакарта арнайы жарлық шығарып, елге келетін барлық екпені «халал» стандартқа сәйкестендіретінін мәлімдеді. Қазір елдің Мұслымандар Жоғарғы Кеңесі бұл бастама бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды, «Хабар 24». Индонезияда жаппай вакцинациялау 13 қаңтарда басталды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай сұрақтың Қазақстанда да  талқыланып жатқанын хабарлады. ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қоңарбайұлы вакцинаның халал стандарттарға сәйкес болуы маңызды екенін айтты. Қазір басқарманың пәтуа бөлімі осы мәселені зерделеп жатыр. Зертханалық сараптама қорытындысы шықпай, ешқандай пікір айта алмаймыз деді ол.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы