«Әбу-Даби Плазадағы» жұмысшылар құқығын соңына дейін қорғаймыз – кәсіподақ

Автор: Azattyq Rýhy

«Әбу-Даби Плазада» шетелдік жұмысшыларға түскі асқа 3000 теңге берсе, жергілікті жұмысшыларға 800 теңге төлеген 

sputniknews.kz

16 қыркүйекте астанадағы ең биік ғимараттың құрылысына тартылған  жергілікті 40 адам заңсыз жұмыстан  қуылғандарын мәлімдеді. Олар еңбек келісім-шарты бұзылғаны туралы ешқандай хабарлама алмапты. Жұмыстан шыққандарын телефон арқылы естіген.

Azattyq Rýhy, тілшісіне Нұр-Сұлтандағы Кәсіподақ орталығының төрағасы қазақстандық жұмысшылардың құқығын қорғаумен айналысып жатқандарын хабарлады.  Қазіргі уақытта бас мердігер  «Arabtec CCL» компаниясының филиалымен жасасқан ұжымдық келісім-шарты зерттеліп –зерделеніп жатыр.

«Мердігер ұйымдар белгілі бір жұмыс көлеміне қатысты келісім-шарт жасасады. Соған қарап белгілі бір мерзімге жұмысшыларды алады. Келісім-шарт мерзімі аяқталған кезде кейбір компаниялар жұмысшыларға өтемақы қарастырады. Кейбірі жоқ. Бұл заңға қайшы емес. Ал 40 жұмысшыға қатысты егер еңбек келісім-шартында басқа жұмыспен қамту туралы жазылса, біз олардың құқықтарын қорғайтын боламыз».- деді Тастанбек Есентаев.

Бұл алғашқы жағдай емес. «Әбу Даби Плаза» құрылысы кезінде мұндай бірнеше дерек тіркелген. Еңбек және хылықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша былтыр жазда құрылыс нысанында 4 бірдей қақтығыс болған. «Олар ұлтаралық сипатқа ие болғанымен, шын мәнінде  жергілікті және шетелдік жұмысшылар арасындағы еңбек теңсіздігі түрткі болған», - дейді министр.

«Шетелдік жұмысшыларға көп жалақы төленген. Мәселе арнайы шақырылған мамандарға қатысты. Олар өз мамандарын көп шақырған. Министр жиналыста былтыр жазда  4 бірдей кикілжің болғанын айтты. Оның себебі шетелдік жұмысшыларға түскі асқа 3000 теңге берсе, жергілікті жұмысшыларға 800 теңге төлеген. Иә, біз мұны әділетсіз деп есептейміз. Ол (Еңбек және әлеуметтік министрі - Azattyq Rýhy ) бізге ұжымдық келісім-шартты жіті тексеруге ұсыныс айтты. Біз жергілікті жұмысшыларға қатысты мұндай теңсіздік болмауын талап етеміз»,- деп мәлімдеді Кәсіподақ орталығының төрағасы.  

Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтандағы «Әбу-Даби Плаза» кешені 2020 жылы елорда күніне орай  пайдалануға беріледі. Нысан құрылысы 2010 жылы қараша айында басталған. 2016 жылдың соңында толық тапсырылуы тиіс еді. «Әбу-Даби Плаза» 75 қабаттан тұрады.  Ғимарат биіктігі шамамен 320 метр. Жалпы аумаға 510 мың шаршы метр. Ол Орталық Азиядағы ең биік ғимарат болады деп күтіледі.