$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.01.2021, 15:45
Қоғам

Анар Фазылжанова: «Латын әліпбиінің төл таңбаларын түгел сақтау туралы ұсыныстар болды»

Кеше ғалымдар қазақ тілінің латын графикасындағы үшінші әліпбиін таныстырды

Анар Фазылжанова: «Латын әліпбиінің төл таңбаларын түгел сақтау туралы ұсыныстар болды»

Сөйтіп қазақ қоғамына тағы бір қызу талқыға себеп болатын тақырып тасталды. Соңғы үш жылда латын графикасындағы жаңа әліпби нұсқасы екі рет жарияланды. Біреуі апостроф, екеншісі акутты қолдану арқылы немесе кейбір дыбыстарға қосарланған таңбалар қойылған жоба ұсынылған еді. Жұрт бұл екі нұсқаның да көптеген кемшілігін ашып көрсетті. Қазақ тілінің табиғатына келмейтіні туралы көп жазылды, мінберлерден де айтылды.

Алматыдағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ондаған ғалымы соңғы әліпбидің нұсқасын жасауға атсалысты. Институт директоры Анар Фазылжанова Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұқбатында «жоба орфографиялық жұмыс тобында пісіп, қырналып, екшеліп, сыналып осы үлгіге келтірілді», деді. Оған 90-ға жуық маман жұмылдырылған. Бір жылда 180 млн теңге қаражат жұмсалған жұмыс алдыңғы екі нұсқаға қарағанда анағұрлым өзгерген деп айтуға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы қазанда өзінің Twitter-парақшасында «ғалымдар латын әліпбиін жетілдірсін» деген нұқсау берді. Әрине, тіл жанашырлары бұған қатты қуанып, оның өзге нұқасын жасауға кіріскен. Сөйтіп кеше Үкімет жанындағы қазақ жазуын латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия тағы бір әліпби нұсқасын ұсынды. Ол жиынға Премьер-министр, бірнеше жауапты министр және депутаттар да қатысты.

Анар Фазылжанованың айтуынша, әліпбидің жаңа нұсқасын жасауда ашық талқылаулар жүрген, оның алдында ұсынылған жобалардан түбегейлі артықшылығы бар. Қоғамның жазып, сызуына қолайлы екенін екшеген соң, Ұлттық комиссияға бекітуге ұсынып отырмыз дейді ғалым. Институт кешелі бері қоғамдық пікірге мониторинг жасаған. Пікірлерге қарағанда бұл нұсқаны көпшіліктің 80 пайызы қолдап отыр.

Қоғамды талқыға түсіп жатқан дыбыстардың ішінде Ұ мен Ү әрпінің таңбалануы бар. Әлеуметтік желіде жазба қалдырғандар осы туысқан екі дыбыстың үстіндегі нүкте мен сызықшаның тым ұқсас екеніне шүйлігіп жатыр. Осы нұсқаны жасаушылардың бірі Анар Фазылжанова оны түсіндіруге тырысты.

«Мына әліпбидегі үш таңба кирилл графикасындағы осы үш дыбыстың кескінімен үйлесіп берілген. Кирилл графикасындағы бұл үшеуінің тұрқы бір-біріне ұқсайды ғой. Неге кирилде бұлай алынған? Себебі үшеуінің ортақ қасиеті бар. Бұлар өз алдына жеке таңба болған соң, олардың кескіндерінде де айырма белгілері болуы керек. Ұ әрпінде ортасы сызықшамен, Ү әрпінде ол сызықша жоқ, ал У әрпінде аяғы қайырылған. Міне тура осы принципті біз латынға көшкенде сақтадық. Бұл қазақ қауымдастығына латын әліпбиін кирилл негізінде тез игеруге мүмкіндік береді», - дейді ғалым.

Латын әліпби жүйесінде үшінші әріп «С» (си). Осы әріпке қандай дыбыстық мазмұн береміз деп ғалымдар көп ойланған. Қазақ тілінде де «С» деген дыбыс бар. Оны ғалымдар латынның кәдімгі доллардың таңбасына ұқсас «S» таңбасымен қалдырыпты. Демек әлгі «Си» әрпі қажет болмай түсіп қалды. Одан бөлек «Ф» және «В» дыбыстарына қатысты да теріс пікірлер айтылып жатыр.

Тағы бір маңызды мәселе, латын графикасының алдыңғы екі нұқсасы бойынша көптеген көрнекілік жарнамалар, мекемелер маңдайшаларындағы жазулар, тіпті БАҚ атаулары да өзгерген болатын. Бұл біріншіден белгілі бір мөлшерде шығын, екіншіден елді шатастыруға әкеледі.

«Негізі акут әліпбиімен тапсырма берілгендіктен, әкімшілік орталықтары маңдайшаларды, жарнамаларды осылай жазып шықты. Ешқандай шатасу болмайды деп ойлаймын. Халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан телеарналарда сабақтар, оқу курстары жүргізіледі. Тек мұнда диакритикалық әріптерде өзгерістер болады. Ол шығын деп айтылғанымен, қазақ тіліне жұмсалып жатқан қаражаттарды шығын деп есептемеймін. Бұл да біз үшін үлкен тәжірибе болды», - дейді филология ғылымдарының кандидаты.

Латын әліпбиінің өз тәртібі және өз әріптік құрамы бар. Мамандарға әліпби жасау барысында осыған қатысты көп ұсыныс айтылған. Тіпті, латын әліпбиінің құрамын түгел сақтаңыздар дегендер де болыпты. Алайда, сол латын әліпбесін өзінің дыбыстық жүйесіне икемдеп алған қаншама ұлттар мен ұлыстар бар. Олардың ешқайсысы да латынның таңбаларын ешқандай өзгеріссіз алған емес. Міндетті түрде ұлттық ерекшеліктеріне қарай, бір таңбаны алса, бірін алмай, қосалқы таңба қою арқылы алуан түрлі қылып жасап алған дейді Анар Фазылжанова.  

Айта кету керек, кеше жарыққа шыққан қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиі соңғы нұсқа емес. Жобаны талқылау үшін конференциялар, түрлі жиындар, қоғамдық тыңдаулар жоспарланып отыр. Содан кейін барып Президент жарлығымен бекітілетін болады.  

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары