«Жері шұрайлы, әкімдері жемқор Талғар»: Ауданда кімдердің ұсталғаны белгілі болды

Автор: Azattyq Rýhy

Ауданның бұрынғы басшыларының көбі парамен ұсталған

Кешегі демалыста әлеуметтік желілерде Алматы облысының Талғар ауданында лауазымды бір топ қызмектердің жемқорлықпен ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі аталған ақпаратты әлі растаған жоқ. Бірақ, теріске де шығармады.

Антикордың ресми өкілі Нұрбек Нәбиев бұл жайтқа байланысты ешқандай пікір білдіре алмайтынын айтты.

«Бізде ресми коментарий жоқ, болса айтамыз. Ешқандай пікір білдіре алмаймын. Егер жазсаңыз, ешқандай комментарий бермеді деп жазыңыз», - деді Н.Нәбиев.

Айта кету керек, жексенбі күні әлеуметтік желілер мен Telegram-мессенджеріндегі каналдарда Талғар ауданының әкімі С.Ерекешев пен әкім орынбасары А.Ашимахун және ауданның тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің жетекшісі А.Шамаев ұсталды деген хабарлама тарады.

Кейбір дереккөздер құрықталғандар арасында аудандық мәслихат хатшылығына жаңадан тағайындалған, бұрын аудан әкімінің көмекшісі қызметін атқарған азаматтың да бар екенін айтады.

Серікжан Ерекешев 2020 жылдың 17 тамызында Талғар ауданы әкімі қызметіне тағайындалған болатын. Ол коронавирустан қайтыс болған бұрынғы аудан басшысы Жолан Омаровтың орнына келген. Ресейде туған Серікжан Ерекешов 2013 жылы Алматы облысы Байсерке ауылдық округінің әкімі, 2016 жылдан бері Алматы облысы Іле ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Талғар – Алматыға ең жақын орналасқан әкімшілік аймақ. Алматы облысындағы ерекше қорғалатын Алматы ұлттық қорығы, Іле Алатауы ұлттық паркінің көп бөлігі осы ауданда жатыр. Шаһарға жақын, таудың етегіндегі шұрайлы жерлерге көз тігетіндер жеткілікті. Соңғы 20 жылда Алматы облысы бойынша жерге қатысты жемқорлықпен ондаған әкімнің істі болғанын айта кеткен жөн.

Azattyq Rýhy тілшісі ашық дереккөздегі ақпараттарға сүйеніп, Талғардағы заңсыз жер саудасы немесе жемқорлыққа шатылған 40-тан астам шенеуніктің сотталғанын анықтады. Істі болған бұрынғы лауазымды тұлғалардың арасынан Талғар ауданы әкімдері, Талғар қаласы әкімдері, ауданға қарасты ауылдық округ әкімдері мен жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшыларын кездестіруге болады.

2001 жылы 11 шілдеде Алматы облысы Ішкі істер басқармасының қызметкерлері Талғар ауданы әкімінің орынбасары мен экономикалық жоспарлау бөлімінің бас маманын құрықтаған. Күдіктілер қаланың аумағынан техникалық жөндеу бекетінің құрылысы үшін жер бөліп бергені үшін 500 АҚШ долларын алып жатқанда ұсталған.

2009 жылы Талғар ауданының әкімі К.Омарбаев және ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Абелдинова ұлттық табиғи парктің жерін заңсыз сатқаны үшін сотталған. Олар Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі аумағынан 46,3 гектар жерді жеке тұлғаларға бөліп бергені үшін қылмыскер деп танылды. Бірақ Қаржы полициясының құрығына іліккен шенеуніктерге сот 200 АЕК көлемінде айыппұл салумен шектеліпті.

2011 жылы жемқорлық үшін сол кездегі Талғар қаласының әкімі Болат Омаров пен оның туысы Дәурен Надыров 4 жылға бас бостандығынан айрылған. Аудан басшысы жергілікті тұрғынның 1 гектар ауылшаруашылық мақсаттағы жер телімінің нысаналық мақсатын ауыстыру үшін ауызбастырғы алған кезде тұтылған. Оларға 35 мың АҚШ доллары көлеміндегі параны қаланың жер қатынастары басқармасының басшысы әкеліп берген. Артынан өзі арыз жазған. Алайда, көп ұзамай бұрынғы әкім жүрек талмасынан қайтыс болады.

2012 жылы 14 қыркүйекте Болат Омаровтың орнын басқан Талғардың жаңа әкімі Адайбек Қожахметов те парамен ұсталып қалады. Әкім жергілікті кәсіпкерге жарнама кешенін салу үшін жер телімін бөлуге уәде беріп, ақырында 1,5 млн теңге пара талап еткен. Шенеунік ақшаны өз кабинетінде алып жатқанда бұлтартпас айғақтармен ұсталған.

2013 жылы Талғар қаласының үшінші әкімі араға жыл салмай жатып құрыққа ілінеді. Жұматай Қасымбаев та кабинетінде 850 мың теңге алып жатқан кезде ұсталады. Ол қаладағы сауда орындарының біріне жер телімін беру үшін қаржы талап еткен. Бұрынғы әкімге сол жылы 5 жыл шартты түрде жаза тағайындалды.

Талғар ауданын 2007 жылдан бері басқарған Талғат Өмірәлиев Іле Алатауы ұлттық паркі аумағынан 113 жер телімінің нысаналық мақсатын коммерциялық бағытқа ауыстырғаны үшін күдікке ілінген. Бұл туралы белгілі заңгер Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзіне қарағанда, шенеунік пен оның әкімшілік мүшелерінің мемлекет жерін саудалауға қатысы бар бар болуы мүмкін. Қазір бұл факт бойынша тектеру жүріп жатыр.

2013 жылы Талғар ауданын басқаруға келген Райхан Садықоваға да тергеу органдарының сұрақтары болуы мүмкін. Себебі «Бек эйр» ісі бойынша соталып жатқан ондаған шенеунік қылмысты дәл осы әкімнің тұсында жасағаны белгілі болды. Өз лауазымын асыра пайдалану және ұйымдасқан қылмыстық топ құрған деген күдікпен ұсталған Талғар ауданы шенеуніктерінің ісі қазір сотқа жолданды.

«Бек эйр» ұшағының құлаған аумағындағы жерлерді жеке тұрғын үй үшін сатты деп айыпталған Талғар ауданының лауазымды тұлғалары арасында жер қатынастары бөлімінің бұрынғы 4 басшысы, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің 1 басшысы, жер-кадастр бөлімінің бұрынғы 2 басшысы, ауылдық округтің бұрынғы 2 әкімі істі болып жатыр.

2020 жылы Талғар ауданы Бесқайнар ауылдық округінің бұрынғы әкіміне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ол Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі аумағындағы жер телімдерін жекеменшікке бергені үшін өз лауазымын асыра пайдаланды деген күдікпен тергеліп жатыр. 

2019 жылы белсенді Галина Арзамасоваға оқ атуға тапсырма берді деген күдікпен ұсталған Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің әкімі Нұрғали Аппазов істі болған еді. Ауыл әкімі жер телімдерін заңсыз бөлді, оны сатып, жеке мүддесіне пайдаланған деген баптар бойынша тергеліп, 7 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Аппазовқа билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру, қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлері бойынша кінәлі деген айыптар тағылды. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы