Мекеме қызметкерлері былтыр оның үстінен шағымданған болатын
Алматыдағы сәбилер үйінің басшысы орнында қалды. Зейнеткерлікке әлдеқашан шықса да, ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ол лауазымын жалғастыратын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Мамандандырылған сәбилер үйінің тәрбиешілері осыдан бір ай бұрын басшылықтың әрекетіне қарсы шығып, шағымданған еді. Олардың айтуынша, мекеме қызметкерлерінің арасында 70 жасқа жақындаған егде жастағы әжелер көп. Өздері әзер жүріп-тұрғанына қарамастан бала бағуға бөлінетін кезекшіліктің көбін өзара бөліп алған дейді олар. Ал, күш-қайраты қайтпаған жастар айына бір-екі рет қана кезекшілікке шыққандықтан жалақыға да жарымапты.
Қызметкерлерді тыныштандырмақ болған бастық, шу шығармай қоя тұруды, жаңа жылдан кейін өзінің де қызметтен кететінін айтып, уәде берген болатын. Алайда, тәрбиешілердің талабынан соң тексеру жүргізіліп, жұмыс сағаты қайта бөлінген және басшы орнында қалған.
«Қыздар қазір риза, бәрі қуанып жүр. Өйткені, кезекшілікке шығатын сағаттары көбейді. Бұрын айына бір, бір жарым тәулік қана жұмысқа шықсақ, қазір үш жарым тәулік жұмыс істейтін болдық. Сағат саны артқан соң алатын жалақымыз көбейді. Мен бұрын 50-60 мың теңге ғана алып келгем, жұмыс істеді деген атым ғана. Қазір жағдайымыз жақсарып келеді. Апаларды жұмыстан босатты, бірақ журналистерге шағымданған қызыметкерлерді іздеу әлі жалғасып жатыр», - деді атын айтпауды өтінген тәрбиеші.
Оқи отырыңыз: «Бір ай шулатпай қоя тұрыңдар, онсыз да жұмыстан кетемін» - Алматыдағы сәбилер үйін зейнеткерлер басқарады
Мекеме 70 балаға арналғанмен, қазір тәрбиеленіп жатқан сәбилердің саны қырыққа да жетпейді. Көбі тастанды, мүгедек балалар. Мемлекеттің қорғауындағы балаларды бағумен 109 қызыметкер айналысып келген еді. Жаңа жылдан кейін тәрбиешілер мен басшылардың саны қысқарды.
«Мамандандырылған балалар үйі» КММ-де 2021 жылдың қаңтарынан бастап 10 зейнеткер еңбек келісім-шартының аяқталуына байланысты өз еріктерімен жұмыстан кетті. Еңбек кодексіндегі 52-баптың 24-тармағы бойынша «Жұмыс берушінің бастамасы бойынша қызметкермен еңбек шарты, егер қызметкер зейнеткерлік жасқа толған болса, бірақ тараптардың өзара келісімі бойынша жыл сайын еңбек шартының мерзімін ұзартуы мүмкін. Менеджердің ұзақжылдық жұмыс тәжірибесін, кәсібилігін, жұмыс саласындағы жетістігін, кез-келген қызметкермен жағымды сипаттамаларын ескере отырып, оның келісімімен еңбек келісім-шартының мерзімі ұзартылуы мүмкін. Бас дәрігер әзірге орнында, қызметін жалғастырып жатыр. Орнына басқа адамның келуі немесе келмеуі белгісіз, мен ол жағын нақты білмеймін», - деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаудық сақтау басқармасының өкілі Татьяна Лисицкая.
Шу шыққан мекемеге келген комиссия жалақысы онсыз да мардымсыз қызметкерлерді қысқартуға кеңес берген. Қалған тәрбиешілерді тентіреткісі келмеген бастық балаларды бұрынғыдай 5 жасқа дейін ғана емес, 7 жасқа жеткенше мекемеде қалдырудың жолдарын қарастырып жатыр.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы