Алматыда модульді госпиталь қайта ашылды: дәрігерлер коронавирустың күшейетінін ескертті
Елде вирус жұқтырғандар саны көбейіп келеді
Алматыдағы модульді госпиталь науқастар үшін қайтадан ашылды. Мекеме әкімшілігі аурухананы өткен жылы желтоқсанның басында жалпы санитарлық-дезинфекциялық жұмыстар үшін жапқан еді. Аурухана былтыр сәуірден қараша айы соңына дейін пандемияның ең өршіген кезеңінде жұмыс істеді. Бұл жерде коронавирус жұқтырған 3 430 науқас емделді.
Жылдың соңында жұмысын тоқтатқан инфекциялық аурухананың науқастарды қайта қабылдай бастауы елдегі эпидемилогиялық жағдаймен байланысты ма? Ел арасында COVID-19 вирусын жұқтырып, ауруханаға түскендер санының артқаны байқалады. Әсіресе әлеуметтік желі пайдаланушылары жақындарының қатерлі дерттен бақилық болып жатқаны туралы жаза бастады.
COVID-19 ВИРУСЫНЫҢ ЖАППАЙ ТАРАЛУЫ НАУРЫЗ АЙЫНДА БАСТАЛУЫ МҮМКІН
Ал, нақты статистикаға сүйенсек, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 170 мыңға жуықтады. Өткен тәулікте 1003 адамнан COVID-19 вирусы анықталды. Қазақстанда 4 облыс пен 1 қала «қызыл» аймақта тұр. Денсаулық сақтау министрлігі өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын жариялап, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Атырау облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы коронавирустың таралу қаупі жағынан көш бастағанын жариялады.
Azattyq Rýhy тілшісі COVID-19 вирусының таралуына байланысты ашық пікір айтып жүрген дәрігерлермен сұхбаттасты. Ғалым, дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев вирустың таралуы тоқтаған жоқ деп есептейді. Күніне орта есеппен жаңадан ауырған қазақстандықтар саны 100 адамға көбейіп келеді. АҚШ зерттеушілерінің математикалық болжамдарына қарағанда, әлемде вирустың қайта өршу қаупі наурыз айының алғашқы күндеріне сәйкес келеді. Сондықтан кез-келген жағдайға дайын болымыз керек, дейді маман.
«Жалпы қандайда бір болжам айтудан тартынып қалдым. Жаздағы жағдайдан соң солай деп шештім. Бірақ, карантин қаншалықты қатты күшейтілді, соған байланысты вирустың әрі қарай тарауы тежелгендей болды. Менің ойымша, жазда адамдар көп ауырған соң вирус бәсеңдеді. Бірақ таралуын тоқтатпады. Күніне шамамен 600-700 адам жаңадан тіркеліп отырған еді. Қазір 1000 адамға жетіп қалды. Алдыңғы күні 900 болатын. Күніне 100 адам қосылып, жаңадан ауырып қалғандар саны көбейіп келеді. Алмас Шарман АҚШ-тағы әріптестердің математикалық болжамын көрсетіпті. Онда жазда болған толқынның жартысы наурыз айының басында болуы мүмкін екенін келтірген», - дейді дәрігер.
ВИРУС ЖАҢА ЖЫЛ МЕН САЙЛАУДА ЖОҒАРЫ ҚАРҚЫНМЕН ТАРАДЫ...
Жаңа жылдың алғашқы 18 күні артта қалды. Қазір ауырып жатқандар сол мереке қарсаңында және одан кейін адамдардың еркін қозғалысы барысында ауру жұқтырғандар. Мамандардың айтуынша, сайлау күні де вирус кеңінен тараған. Өйткені, қауіпсіздік шаралары сақталса да, дауыс беру жабық ғимараттарда өткен.
«Қазір ауырып жатқан кісілердің көбі вирусты Жаңа жылда, сосын сайлау кезінде жұқтырып алған. Сайлау учаскелерінде қауіпсіздік шаралары сақталғанымен, ол жабық ғимараттарда өтті. Осы кезде біраз адам жұқтырды. Жалпы осы вирустың Қазақстанда таралуы мамандардың өздеріне түсініксіз болып отыр. Өйткені көрші Ресейді алатын болсақ, күніне 24 мың адам тіркеледі. Олар негізгі ауруханаларының бәріне науқастарды жатқызып жатыр. Бұл толқын Ресейде қарашада басталды. Сол кезден бері әлі созылып келе жатыр. Ал бізден екі ай кеш басталды», - дейді ғалым.
Дәрігер осыдан 6 ай бұрын ауырған адамдардың иммунитеті қайтадан әлсірегенін айтады. Яғни олардың бойындағы антидене күшін жойып, қайтадан ауру жұқтыруы мүмкін. Оның айтуынша, дәл қазір қазақстандықтар карантиннің барлық талабын қатаң сақтап, медициналық масканы тастамауы керек.
«Осыдан 6 ай бұрын ауырған адамдар екнші рет ауырып жатыр дегенді жиі естимін. Бірақ ол ресми түрде айтылып отырған жоқ. Мен танитын кісілер ішінде екінші рет ауырып қалған адамдар бар. Ол антидене біткен соң, қайтадан ауырып қалады дегенді білдіреді. Ондай адамдар мен ауырып қойдым деп қорғанбай, қарапайым маска да тақпай, әлеуметтік дистанцияны сақтамай жүр. Мұндай сенімділік адамның қайтадан ауырып қалуына әкеледі. Жалпы, әлемдік ғалымдар антидене 4 ай ғана сақталады деп жатыр», - деп ойын түйіндеді дәрігер М.Бердіқожаев.
«КАРАНТИНДІК ШАРАЛАРДЫҢ ЕНДІ ПАЙДАСЫ ЖОҚ...»
Медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Конеев қазір коронавирустың аса қауіпті кезеңі емес дейді. Өйткені жаңа ауырғандар саны 900-1000 адам десе де, репродуктивтік индекс көтеріліп жатқан жоқ. Ал, инфекциалық стационарлардың толуы тек 28 пайыз ғана.
«Қазақстанда қазіргі қыс мезгіліндегі жағдай Ресей, Еуропа және АҚШ-пен салыстырғанда әлдеқайда тұрақты. Өйткені біз жазда ауырып алдық. Мысалы САЦ-орталығы деген мекеме әлеуметтік сауалнама жасаған. Былтыр қыркүйек айына қарай біздің елде 3 млн 700 мың адам коронавируспен ауырып қойған. Ал ресми статитика 137 мың адам деп көрсетті. Қазір 170 мың болды. Егер олар қайтадан ауырғанның өзінде бұл вирустың оңай түрімен ауырады. Жалпы 7-8 пайызы ғана қайтадан ауруы мүмкін. Қалған 92-93 пайызы негізінен қайтадан ауырмайды», - деп есептейді белгілі дәрігер.
Денсаулық министрлігінің реформаларына сын көзбен қарайтын алматылық дәрігер карантиндік шаралардың енді пайдасы жоқ дейді. Оның пікірінше, қатаң карантиндік шаралар былтыр наурыз-сәуір айларында қажет болған. Бірақ, инфекция Қазақстанның түкпір-түкпіріне жетіп үлгерді, енді оны карантинмен тоқтата алмаймыз дейді.
«Карантиндік шаралар инфекцияны ауыздықтау үшін қажет болды. Бірақ, бізде оны жасай алмады. Инфекция бүкіл Қазақстанды шарлап кетті. Дүниежүзінің мамандары карантиннің енді көмегі болмайтынын айтып жатыр. Егер адам коронавируспен ауырмаған болса, әсіресе 60-тан асқан адамдар сақтануы керек. Сосын қазір келіп жатқан вакциналарды қорықпай алғаны дұрыс. АҚШ вакцинасы келе жатыр. Әсіресе дәрігерлер мен педагогтар екпе салдырғаны дұрыс. Сонда бұл дертті жеңуге алғышарт пайда болады», - дейді маман.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы