Петропавл базарында жасырын спирт сатқан саудагер ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

135 литр спирт тәркіленді

Петропавл базарларының бірінде екі дүңгіршек арасында жасырынып спирт сатқан саудагер ұсталды. Ол спирттің бір литрін 1500 теңгеге бағалаған. Рейд барысында қолға түскен күдіктіден 135 литр спирт тәркіленді.

СҚО Полияиця департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша заңсыз алкогольді саудалау фактісі профилактикалық рейд барысында анықталған.

«Петропавл қаласының 62 жастағы тұрғыны қатар-қатар орналасқан дүңгіршектердің арасында орналасқан көзге түспейтін шағын үйшіктен спирт саудалап келген. Күдікті өзінің заң бұзғанын білгенін жасырмады. Десе де саудасын тоқтатпай, жалғастыра берген. Нәтижесінде бұл фактіге қатысты Әкімшілік кодекстің 463-бабы (Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру) бойынша материал жиналды. Алкогольдік сұйықтық алынып, сараптамаға жөнелтілді. Жиналған материал шешім қабылдау үшін мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберіледі», - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев

СҚО полицейлері жыл басынан бері заңсыз кәсіпкерлікпен айналысудың 8 фактісін анықтаған. 250 литрден астам спирт тәркіленген. Өткен жылы өңірде мас күйде жасалған 853 қылмыс тіркелген. 10 500-ден астам тұрғын алкоголь сусындарын ішкені, қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін жауапкершілікке тартылған. Заңсыз айналымнан 1242 литр спирт алынған.

Полиция өкілдері заңсыз сауда жасалуы ықтимал базарлар мен дүкендердегі тексеріс жұмыстары жалғасын табатындығын жеткізді. Тауар тәркіленіп, айыптылар заң жүзінде жазаланбақ. Тәртіп сақлышары тұтынушыларға сапасы күдікті, заңсыз сатылатын өнімдерді алмауға кеңес берді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО