Өткен жылы синтетикалық есірткіден уланудың 52 фактісі тіркелген
Солтүстік Қазақстанда жыл басынан бері синтетикалық есірткіні мөлшерден тыс пайдаланған 28 нашақор өлім аузынан қалды. Олардың бесеуі – жасөспірім, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ал өткен жылы синтетикалық есірткіден уланудың 52 фактісі тіркелген. Бұл жөнінде СҚО Полиция департаментінде нашақорлық мәселелеріне арналған жиында айтылды.
«Биыл есірткі қылмыстарының алдын-алу мақсатында қыруар жұмыс тындырылды. Әсіресе синтетикалық есірткі мәселесі тәртіп сақшыларын алаңдатып отыр. Петропавл қаласындағы мектептерде «сенім жәшіктері» орнатылды. Онда оқушылар мен студенттерден түскен анонимді ақпарат жиналады», - дейді Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.
Ең сорақысы нашақорлықты бизнеске айналдырғандар кез-келген ғимараттың қабырғасына есірткі саудалайтын сайттардың электрондық мекенжайын жазып кетеді. Жыл басынан бері синтетикалық есірткі сататын Интернет сайттар жазылған 400 графитти өшірілген.
«Тәртіпті қадағалауда қоғамдық ұйымдардың рөлін атап өткім келеді. Жыл басынан бері аталған ұжымдардың көмегімен 35 қылмыстың беті ашылды. 2,5 мың құқық бұзушылық анықталды. Еріктілер ұйымдардың мүмкіндігін белсенді түрде пайдалану жоспарда бар», - дейді СҚО Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.
Тәртіп сақшылары жасөспірімдер арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алуда ата-аналар қауымының белсенді болуы маңызды екенін атап өтті. Бірер жыл бұрын ересектердің басым көпшілігі өз балаларының наркологиялық тесттен өтуіне қарсылық білдірсе, биыл жүргізілген әлеуметтік сауалнама ата-аналар пікірінің өзгергенін көрсеткен.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО