Министрлік ұсынысты қарастырып жатыр
Эпидемиологиялық ахуал тұрақты өңірлердегі мектеп асханаларының жұмыс істеуіне рұқсат етілуі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов мәлім етті.
«Мектеп асханалары бойынша да мәселе қарастырылуда. Эпидемиологиялық ахуал тұрақты жекелеген өңірлерде мектеп асханаларын ашу туралы ұсыныс бар. Сондай-ақ, мұнда балалардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету және коронавирус жұқтыру қаупін азайту үшін мектеп асханаларын ашу алгоритмі егжей-тегжейлі сипатталады», - деді Қиясов.
Сондай-ақ вице-министр Қазақстан коронавирустың таралу қаупі бойынша «жасыл» аймақтан «сарыға» ауысқанын айтты. Айтуынша, қазір ауруханаларда 5 732 науқас, ал реанимацияда 357 адам бар.
Оқи отырыңыз: Оқушылардың 41,7 пайызы ІІІ тоқсаннан бастап дәстүрлі форматта оқиды
Еске салайық, бағалау матрицасы бойынша қазір «сары» аймаққа Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары енген. Қостанай мен Ақмола облысы «қызыл» аймақта, қалған өңірлер «жасыл» аймақта.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан