ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 1800-ден астам адамнан коронавирус анықталды

Қонаевтың Алматы облысындағы дау тудырған ескерткішін мүсінші кішірейтіп тастады

Бүгін қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 109 жыл

Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев

Бақанастағы саябаққа Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіші биыл жазда қойылатын болды. Бұған дейін жасалған мүсіннің басы денесіне сай келмей, қоғамның сынына ұшыраған еді. Жоба авторы оны Алматыға әкетіп, қайта жасатып жатыр.

Мүсінші Алтай Бейсенов былтырғы даудан кейін Қонаевтың ескерткішін 15 тәулікте қайта жөндеп шығамын деп уәде берген еді. Алайда, одан бері үш ай өтсе де, жұмыс бітпеген. Azattyq Rýhy тілшісі әу бастағы кемшіліктердің қалай түзетілгенін көріп қайтты.

Өткен жылдың қазанында Бейсенов мүсінді асығып қашағанын айтып ақталған болатын. Соған қарамастан, ол өз еңбегіне 8 миллион теңге ақы алған. Қоғамдағы шудан кейін ол көпшіліктің сын-пікіріне көбірек құлақ асатын болдым дейді.

«Тастан ескерткіш қашау өте қиын, ол ойды, еңбекті, суретшілікті, ептілікті тағы басқа қасиеттерді қажет етеді. Өте қиын. Маған Қонаевтың келбетін тасқа түсіре алмайсың, тұлғасын шығара алмайсың, мүмкін емес деп айтқан мүсіншілер көп болды. Қазақтар арасында граниттен мүсін қашайтындар саусақпен санарлық. Әу баста өзімнің танымымдағы көріністі қашадым. Сынға қалған соң тұлғаның пропорциясын сақтадым. Енді міне, көзге де жақсы көрінеді. Түрін келтірдім, енді костюмінің түймесін, шалбары мен туфлиі бойынша түзететін аздаған жұмыс қалды», - деді мүсінші Алтай Бейсенов. 

Мемлекеттік комиссия ескерткішті орнатуға әлі де рұқсат бермеген. Тек Қонаевтың туыстары келіп, аталарының тастан қайта қашалған тұлғасына риза екендігін білдіріп кетіпті. Мүсін толық аяқталған соң, Талдықорғаннан арнайы келетін мемлекеттік комиссия эскизбен салыстырып, қағаз бетіндегі талап бойынша тексереді. Граниттен жасалған мүсіннің салмағы әу баста – 34 тонна, биіктігі – 7,5 метр болған еді. Жөндеуден кейін мүсіннің өзі 50 см, тұғыры 30 см қысқарған. Қос қапталдағы тақтайша тастарға қашалған демеушілердің аты-жөндері де алынады.

«3 миллион теңгеге гранит тас сатып алдым. Жолы бар, краны бар, көмекшілерге беретін ақысы сынды өзге де шығыстар көп болған соң архитектор, басқа мүсіншілерді шақырмадым. Өзіме міндеттемелерді көп алып қойыппын. Өзім құрылысшы, архитектор, дизайнер, автор, мүсінші болып кеттім. Бәрін бір адам жасағанда міндетті түрде қате кетеді. Басында мен жауапкершілікті шынайы қабылдамаппын, ұят болды, кешірім сұрадым. Қазір мен мүсінді кәсіпқой әріптестеріме, халыққа ұнайтындай етіп жасауға тырысып жатырмын. Мүсіннен Қонаевтың мейірімді көздерін, оның тұлғалық келбетін көресіз. Ескерткіш арқылы саясаткердің бүкіл өмірін жеткізуді мақсат еттім. Мына жерде ол еркін тұрып, сәл алға ұмтылады, өте қарапайым, халқымен әңгімелесіп тұрғаны бейнеленген», - деді мүсінші.

Қазақ КСР Компартиясы ОК бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне қажетті 12 миллион теңге «Д.Қонаевтың 100 жылдығы» және «Сауап» қорлары арқылы бөлінген. Мүсін Бақанас ауылындағы Д.Қонаев атындағы саябағына орнатылуы керек еді. Саябақ 2012 жылы ашылғанымен, тұлғаға ескірткіш тұрғызудың сәті 8 жылдан бері түспей келеді. Еске салсақ, қордың адамдары министрліктің рұқсатын қажетсінбей-ақ өз бетінше мүсінді былтыр күзде саябаққа орнатып тастаған еді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы