Карантин талаптарына бағынбаған кәсіпкерлер шығындала береді – «Атамекен»
Кәсіпкерлер палатасы арнайы түсіндіру тобын құрды
Пандемияға байланысты санитарлық шектеулерге бағынбайтын кәсіпкерлер азаймай отыр. Алматы қалалық Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Айтуар Қошмамбетов қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін кәсіп иелерін тәртіпке шақырды. Палата басшысы Алматының бизнес-қоғамдастығы карантин шараларын сақтамаса, шығынға бата беретінін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Арнайы монитрингтік топ Алматыда карантин шараларын бұзу фактілерін тіркеуді жалғастырып жатыр. Шаһарда 2020 жылдың 8 қазанынан 2021 жылдың 2 қаңтарына дейін Әкімшілік кодекстің 425-бабының 1-бөлігімен шектеу іс-шараларын сақтамағаны үшін мыңға жуық хаттама толтырылған. Бизнес құрылымдарының ішінде 17 факт бойынша іс сотқа жіберіліп, кәсіпкерлік нысандардың қызметі 1 және 3 айға дейін тоқтатылмақ. Ал, салынған айыппұлдың жалпы соммасы 107 млн теңге болды.
«Кәсіпкерлік нысандарға 7000-ға жуық тексеру жүргізілді, олардың бір бөлігі санитарлық нормаларды бұзған. Сонымен қатар біз ынталандыруға және алдын алу шараларына көбірек көңіл бөлеміз. Соңғы екі айда біз Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігерімен бірлесіп белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Біз кәсіпкерлердің жекелеген топтарына заңнаманы түсіндіру үшін тікелей эфир ұйымдастырып жүрміз. Өнеркәсіптік ұйымдар, қоғамдық тамақтану ұйымдары, сауда орталықтары, сауда-ойын-сауық дүкендері, супермаркеттердің өкілдерімен және т. б. осындай кездесулер өткізілді. Яғни, шектеуге ұшыраған әрбір топпен жұмыс жүргіземіз», - дейді палата басшысы.
Айтуар Қошмамбетов енді Бас санитар дәрігермен келісе отырып, мониторинг топтардан тыс кәсіпкерлер палатасы да арнайы түсіндіру тобын құрғанын айтты. Олар кәсіп иелеріне заң талаптарын түсіндіріп, құқықтық көмек көрсетеді. Оған 12 маман кіріп, 300-ден астам ірі сауда және өнеркәсіп нысандарын аралап шыққан. Топ айыппұл арқаламау үшін қандай нормаларды сақтау керектігін түсіндіреді.
«Бизнес өкілдерін барлық нормаларды сақтауға шақырамыз. Бұрын айтып өткеніміздей, бізде қаңтар айынан бастап пилоттық жоба жоспарлануда - жабық қалған 9 сала қызметінің барлық түрлері пайдалануға берілмек және олар үшін жеке алгоритм әзірленеді. Бәрі мемлекет пен бизнес арасындағы адалдық пен сенім қағидаттарына негізделеді. Сондықтан, қолданыстағы нормаларды толығымен сақтауға шақырамыз және тиісті келісімдер аясында барлық қызмет түрлерін біртіндеп іске қосамыз», - деді Айтуар Қошмамбетов.
Пандемия басталғалы Алматыда коронавирус анықталған адамдар саны 19 мыңға жуықтады. Оның ішінде 17309 адам сауығып, 389 адам қайтыс болған.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы