БҚО-да «Nur Otan» партиясы филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Кандидат тұрғындардың шағымын құзырлы мекемелермен бірлесіп шешетінін айтты

Бүгін облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Шаттық Өтебалиева «Nur Otan» партиясы филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Кандидаттың қабылдауына келген Орал қаласы Курени шағынауданының тұрғыны Мақсот Шағиров қыс кезіндегі көшені қардан тазалау жұмыстарына шағымын айтты.

«Көп жылдан бері осы шағынауданда тұрамын. Қыс кезінде көшені қардан тазартқанда, қарды сол маңдағы №39, 35-автобустарының соңғы аялдамасының тұсына үйіп кетеді. Ол тұрғындардың жүріп тұруына ыңғайсыздық тудыруда. Арнайы техника жүргізушілеріне де бірнеше рет ескерттім. Еш нәтиже болмай тұр. Сондықтан осы мәселінің шешілуіне көмектесуіңізді сұраймын», - деді М.Шағиров.

Ал Мырзалы Нұғманов есімді қала тұрғыны ІІІ топ мүгедегі екенін, карантин басталғалы жұмыссыз қалғанын, бүгінде әлеуметтік көмек ала алмай отырғанын айтты. Орал қаласындағы Аманжолова көшесі 69/1  үйдің тұрғыны жертөлесіне су жиналғанын, үш айдан бері аталған түйіткіл еш шешілмегеніне шағымданды.

«Қабылдауға келген екі қала тұрғыны бірі көшені қардан тазалау, екіншісі көпқабатты тұрғын үй жертөлесіне су кіріп тұрғанын айтты. Бұл мәселелерді шешу үшін қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесіне хабарласып, түйіткілді шешу жағын қарайтын боламыз. Ал екі тұрғынның көмек алу туралы шағымдарын да құзырлы мекемелермен бірлесіп шешеміз», - деді Шаттық Өтебалиева. 

«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облысының сайлау қоры қаражатынан төленді