Сонымен қатар, алдағы 5 жылда партия қолдауымен 60 көпфункционалды корт пен 97 спорт алаңы салынады
«Nur Otan» партиясы міндеттерінің бірі – ұлт денсаулығын нығайту. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, әуесқой және кәсіби спортты дамыту тақырыбы бүгін Қарағанды облыстық Мәслихат депутаттығына кандидат Ғабдолла Дүйсенбаев пен облыстық Теннис федерациясы, сондай-ақ мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер жекпе-жек мектебінің өкілдерімен кездесу барысында талқыланды.
«Менің бүкіл өмірім спортпен байланысты. Облыстық Дзюдо федерациясының вице-президенті ретінде ғана емес, салауатты өмір салтын қолдайтын адам ретінде де айтарым, өңірде бұқаралық спортты дамытуды қолдаймын. «Nur Otan» партиясының облыстық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде мен жауапты лауазымға сайлансам, біздің өңірде жаңа спорттық таланттардың пайда болуына ықпал етемін. Ол үшін Қарағандыда ғана емес, басқа қалалар мен аудандарда да тиімді және қолжетімді спорт инфрақұрылымын құру үшін бар күшімді салатынымды растауға дайынмын», — деп атап өтті Ғабдолла Дүйсенбаев.
Өз кезегінде теннисшілер облыста бұл спорт түріне көп көңіл бөлінетінін айтты. Жуырда ғана Қарағандының оңтүстік-шығыс ауданында көпфункционалды Теннис орталығы өз жұмысын бастады. Бұл – елдегі ең ірі кешендердің бірі, оның техникалық жабдықталуы халықаралық және республикалық турнирлерді өткізуге, сондай-ақ қазақстандық спортшылардың кәсіби шеберлігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Қарағанды – еліміздегі әуесқой теннисті дамыту бойынша жетекші қалалардың бірі. Бұл қуантарлық жайт. Біз Алматы мен Нұр-Сұлтаннан кейінгі үшінші орындамыз. Әлі де шешілуі тиіс мәселелер бар. Мысалы, қазіргі уақытта облыстың ірі қалаларында инфрақұрылымды дамыту және теннис секцияларын ашу қажет. Теннис сабағына баланы 4 жастан бастап қатыстыруға болады. 10 жасқа дейінгі жас спортшылар барлық қажетті жабдықтармен тегін қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ Қарағанды құрама командаларының барлық жас мөлшері бойынша республикалық жарыстарға сапарлары Федерация қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Сонымен, құрметті қарағандылықтар, егер сізді спорттың осы түрі қызықтырса, қош келдіңіздер» - деп, Ғабдолла Дүйсенбаев тенниспен айналысуға шақырды.
«Nur Otan» партиясының облыстық мәслихат депутаттығына кандидат арнайы Балалар және жасөспірімдер жекпе-жек спорт мектебіне барып, жаттықтырушылармен және тәрбиеленушілермен кездесті. Оның айтуынша, мекемеге жарнама қажет емес, себебі, мектеп елден тыс жерлерге де белгілі. Қазақстанның үздік спортшылары - 1998 жылғы әлем чемпионы Серік Елеуов, әлем чемпионы Игорь Ружников, 1998 жылы Аргентинада өткен бокстан әлем чемпионатының және 2002 жылғы әлем кубогының жүлдегері Павел Сторожук осы мектеп түлектері. Бұл мектептің басты мақтанышы – 2000 және 2003 жылғы әлем чемпионы, XXVIII Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Геннадий Головкин.
«Өткен жылы Балалар және жасөспірімдер жекпе-жек спорт мектебі өзінің 25 жылдығын атап өтті. Спортшылардың арасында даңқты дәстүрлерін лайықты жалғастыратын өрендерінің бар екеніне сенімдімін. Өйткені олармен кәсіби мықты тәлімгерлер жұмыс істейді, олардың ішінде ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылары бар. Қазіргі уақытта мектепте 7 түрлі спорт қолға алынған: дзюдо, таэквондо WTF, каратэ-до, кикбоксинг, қоян-қолтық ұрыс, таэквондо ITF, ал жақында панкратион-греплинг қосылды. Мұнда 1,5 мыңнан астам оқушы бар. Мен оларға шын жүректен сәттілік тілеймін» - деді Ғабдолла Дүйсенбаев.
Кандидат «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, алдағы 5 жылда ұлт денсаулығын нығайту, халықты спортпен жаппай айналысуға тарту басты мақсат екенін атап өтті.
18 жаңа нысанды іске қосу жоспарланған, бұл инфрақұрылымды айтарлықтай кеңейтуге ықпал етеді. Олардың ішінде: Жезқазған мен Шахтинск қалаларында бассейні бар екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені (ДСК), Нұра ауданында жабық бассейн, Жезді және Ботақара кенттерінде екі ДСК, К. Байшағұлова атындағы спорт кешені, Қарағандыда триатлон паркі бар. 2022 жылы Жезқазған мен Қарағандыда спорт орталықтары, Ақтас және Нұра кенттерінде екі ДСК, Қарағандыда жабық жүзу бассейні және ипподром салынады.
2023 жылы облыс орталығында жабық футбол манежі, 2024 жылы Егіндібұлақ және Сарышаған кенттерінде екі ДСК, 2025 жылы Қарағандыда спорт кешені және стадион салынады. Сонымен қатар, партия 60 көпфункционалды корт пен 97 спорт алаңын орнатуға жәрдем көрсетеді.
Осының барлығы 2025 жылға қарай 421 мың адамды бұқаралық спортпен қамтуға мүмкіндік береді.
«Nur Otan» партиясы Қарағанды облысының Сайлау қорының қаражатынан төленді