Өңірде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр
Түркістан – ұлттық спорт, ат спорты өте жақсы дамыған өңір. Күңгейдегі ат құлағында ойнайтын азаматтар, спортшылар қауымы «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын ат үстінде талқылап, қолдау білдірді. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы нұротандықтар Иіржар ауылдық округінің көкпаршыларымен кездесті. Кездесу барысында кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, ондағы 7 басымдыққа тоқталды. Шабандоздармен тілдесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сұрақтарына жауап берді.
Шабандоздар ықылым заманнан бері қазақтың қанына сіңіп, дәстүрімен біте қайнасып келе жатқан, заман талабына сай түрленіп, толыса түскен ұлттық ат спортын дамыту, жас ұрпақтың арасында кеңінен насихаттау мәселелелерін көтерді. Өскелең ұрпақтың арасында тақымы мықты, білекті де жүректі жігіттерді тәрбиелеу керектігі айтылды.
Шабандоздар мен атбегілердің ұсыныстарын тыңдаған үміткерлер айтылған мәселелер партияның сайлауалды бағдарламасында қаралғандығын жеткізді. Атап айтсақ, алдағы 5 жылда Түркістан облысында халықаралық талапқа сай ипподром ашылады. 4 дене шынықтыру-сауықтыру орталығы салынады. Бұл қадам ұлттық спортты дамытуға серпін бермек. «Nur Otan» партиясы спорт нысандарының салынуымен қатар ұлттық спорт түрлерінің дамуына да қолдау көрсетуді жалғастырады. Бұған дейін де еліміздегі ең ауқымды додалар партияның қолдауымен өтіп жүргенін ел біледі. Бүгінде Түркістан облысы көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату спорты түрлерінен Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде үздіктер қатарында. Облыстың 16 аудан, қаласында да көкпар командалары, тақымы мықты шабандоздары бар.
Мырзашөл төріндегі спорттық әрі пікір алмасу іс-шарасында ел азаматтары «Nur Otan» партиясының бағдарламасындағы ауылды дамыту, ұлттық спорт түрлерін, жалпы бұқаралық спортты қолдау бағытындағы бастамаларын қолдады. Тұлпарларының үстінде Қазақстанның туын желбіретіп, бірлікті, тұрақтылықты, дамуды ұрандап шапқан азаматтар елмен бірге екендерін жеткізді.
Жігіттің сұлтандары, елдің сұңқарлары сенім артқан партияға дауыс бер! Жеңімпаздар қатарында бол! Біз біргеміз!
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық сайлауалды штабының қорынан төленді