Депутат аудан мен ауыл мектептеріндегі оқушыларды дәстүрлі форматқа көшіруді талап етті

Автор: Azattyq Rýhy

Мұрат Бақтиярұлы ауыл мектептеріндегі оқушылардың білімін толық қалпына келтіру қиынға соғатынын айтты

көрнекі фото: akorda.kz

Депутат Мұрат Бақтиярұлы Сенаттың жалпы отырысында Байқоңыр қаласында Ресей құзыретіне қарайтын жеті мектептің барлық сынып оқушылары толыққанды дәстүрлі түрде оқитынын, ал қазақстандық мектеп оқушыларының қашықтан оқып жатқанын түсіне алмайтынын жеткізді. Сондай-ақ барлық ауыл мен аудандағы мектеп оқушыларын дәстүрлі форматқа көшіру қажеттігін айтты.

«Мектеп оқушылары екі тоқсан бойы жарытып білім алмады. Әсіресе, ауылдық мектептердегі оқушылардың білімін толық қалпына келтіру қиынға соғады. Сондықтан да еліміздегі барлық ауылдар мен аудандардағы мектептерде оқушыларды дәстүрлі оқытуға шығаруымыз керек», – деп атап көрсетті Бақтиярұлы.

Еске сала кетейік, 20 желтоқсанда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен Қазақстанда оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар үшін (9,11,12 сыныптар) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту (пәндердің 70%-ын – дәстүрлі форматта, 30%-ын – қашықтан) форматына көшіру қарастырылатынын хабарлады.

Колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері де жаңа жылдан бастап аралас оқыту форматына көшеді.