«Өзіміздің қаражат»: БЖЗҚ ақылы мақалалар жаздыру үшін жыл басынан бері 45 млн теңге жұмсаған

Автор: Azattyq Rýhy

Қор басшылары мұны пиар емес дейді

NewTimes.kz

2020 жылдың 1 қарашасындағы мәліметке сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры халық арасында «ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу» үшін 45 млн теңгеге жуық қаражат жұмсаған. Бұл туралы қор басшылығының Azattyq Ruhу тілшісінің ресми сауалына берген жауабында хабарланып отыр.

Ай сайынғы ақшаны есептесек, БЖЗҚ бір айда шамамен 4 млн теңгені ақылы материал жаздыруға жұмсап отырған.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ЖӘНЕ БЖЗҚ

Жалпы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ресми сауал жолдауымызға компанияның маусым айында өткізген тендері себеп болды. Мемлекеттік сатып алу мен компаниялардың тендерлері туралы ақпарат іздеген кезде, БЖЗҚ тарапынан «БАҚ-та қор жұмысы туралы ақпарат жариялау» атты лотты көп көрдік. Мамыр, маусым, шілде айларында зейнетақы қоры телеарналар мен газет-журналдарға, сайттарға ақылы материал шығару үшін миллиондаған теңгенің бірнеше тендерін ойнатқан.

Сондай конкурстардың арасындағы қызықты лоттың бірі мынау еді: Қор коронавирус инфекциясы өршіп, өлім-жітім көбейіп жатқан кезде «әлеуметтік желілерде ақпаратттық сүйемелдеу жасау үшін» 5 млн 900 мың теңгенің конкурсын жариялаған.

«Жаз бойы қордың қызметі туралы бірнеше материал жариялау үшін миллиондаған қаражат жұмсалған. Әлеуметтік желіде ақпарат тарату үшін 5,9 млн теңге бөлінген. Неге қор пандемия кезінде мұндай қадамдарға барды? Қордың әлеуметтік желідегі парақшалары қандай тиімділік көрсетіп отыр? Биыл қор PR материалдар үшін неше теңге бөлген?» деп қор төрағасына бірнеше сауал жолдаған едік.

Қарашаның соңында жіберген хатқа желтоқсанның соңына таман ықшамды жауап келді. Әлеуметтік желіге қатысты тендерге түсініктеме берген тарап «Президент ақшаны үнемдеу керек деген тапсырма берген соң, шартты бұздық» деп ақталған.

«БЖЗҚ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы салымшылардың қалауын ескере отырып, азаматтармен байланыс орнатудың түрлі арналарын қолданады. Қазіргі таңдағы ақпарат таратудың ең танымал әрі жылдам әдісі – ғаламтор, оның ішінде әлеуметтік желі түрлері. Халыққа қазақстандық зейнетақы жүйесі мен қор жұмысы туралы неғұрлым жылдам әрі сенімді ақпаратты дәл осы әлеуметтік желі арқылы тарату мақсатында шарт жасалғанымен, елде орын алған экономикалық жағдайларға және Мемлекет басшысының қаржыны барынша үнемдеу туралы тапсырмасына орай, аталмыш шарт осы жылдың тамыз айында бұзылды. Яғни Шартта көзделген қызметтер көрсетілген жоқ, тиісінше, шарт сомасы да төленген жоқ», - деп хабарланған ресми жауапта.

Дегенмен, БЖЗҚ әлеуметтік желілерге ерекше назар бөлетінін жеткізіп отыр. «БЖЗҚ-ның әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары мақсатты аудитория мен коммуникацияның маңызды арналары, әлеуметтік желі оқырмандарды қандай сауал мазалайтынын білуге, сондай-ақ халықпен  тікелей диалог жүргізуге мүмкіндік береді. Қор Facebook Instagram, Twitter, VKontakte, Одноклассники, сондай-ақ Telegram мессенджері мен YouTube-тағы ресми парақшаларын жүргізеді. Жазылушылар саны жыл сайын артып келеді. 2020 жылы қордың әлеуметтік желілерде таргетинг қолданбағанын атап өткен жөн. Әлеуметттік желі арқылы күніне 800-ге жуық сұрақ қабылданады», - делінген БЖЗҚ-ның ресми жауабында.

«ХАЛЫҚТЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУҒА МІНДЕТТІМІЗ...»

Мақаланың басында хабарлағанымыздай, қордың тендерлері арасында БАҚ беттерінде ақылы материал шығару туралы конкурстар бар. Бір тендердің бағасы 10 млн теңге шамасында болса, енді бірі 30 млн теңгеге дейін барады.

Бірақ БЖЗҚ мұны жарнама деп қабылдамайды екен, ал телеарналар мен ақпарат агенттіктеріне шыққан материалдарды «Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін жаздырамыз» дейді. Осы мәселені қор біздің ресми сауалымызға берген жауабында былайша түсіндірмек болды:

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына сәйкес, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы табыс табу мақсатын көздемейтін коммерциялық емес ұйым, оның жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі. Сондай-ақ, заңнамаға сай БЖЗҚ салымшыларға (алушыларға) зейнетақы жүйесінің жұмысы және инвестициялық портфельді басқару қызметі мәселелері бойынша ақысыз кеңес беруге, бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өзінің интернет-ресурсында зейнетақы активтері есебінен инвестициялық портфельдің құрылымы туралы мәліметтерді, сондай-ақ қаржылық және аудиторлық есепті, өз қызметі туралы өзге де есептіліктер мен ақпаратты жариялап отыруға тиіс.

БЖЗҚ жарнама мен маркетинг бойынша коммерциялық шығындар жасамайды. Десек те, БЖЗҚ-ға стратегиялық маңызды міндет жүктелген, ол міндет – азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, олардың БЖЗҚ қызметі, Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесі, зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер, зейнетақы активтерін басқару жөніндегі инвестициялық қызметтің нәтижелері, зейнетақы жарналарын аудару және дербес зейнетақы жинақтарын қалыптастыру туралы хабардар болу деңгейін арттыру, сондай-ақ зейнетақы төлемдерінің салымшылары мен алушыларын қызықтыратын аса маңызды ақпараттарды жариялау».

Яғни, қор жоғарыда атап көрсеткен және БАҚ-қа қатысты өзге де тендерлерді осы міндетін орындау үшін жарияладық деп отыр. Оның үстіне, БАҚ-тың барлығы дерлік тегін қызмет көрсетпейді деген «назын» жеткізді. Және ақылы материал үшін төлеген ақша «меншікті қаражатымыз» дейді. «Меншікті» қаражатының арқасында БЗЖҚ «халықтың жүйеге қатысты сауаты артып, зейнетақы шотын толтыруға деген ынтасы оянды» деген сенімде. Осы мәселелерге қатысты зейнетақы қоры жіберген ресми жауапты ұсынамыз.

«Жыл басынан бері халық үшін маңызды ақпаратты жылдам әрі сапалы жеткізу үшін түрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен көптеген республикалық және өңірлік басылымдар тартылып, теле және радиоарналармен бірлескен бірнеше ірі бағдарлама жобалары іске асырылды. Осындай қыруар еңбектің нәтижесінде халықтың да зейнетақы жүйесіне қатысты сауаты артып, әр азаматтың өз жинағын қадағалап отыруға деген қызығушылығы оянды. Жыл сайын БЖЗҚ-ның бастамасымен 35 мыңнан аса материал жарияланды, оның шамамен 99%-ы ақысыз жарияланады. Алайда, бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы бірдей өз қызметін тегін жасамайды. Жалпы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қор 2020 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша шамамен 45 миллион теңгедей қаржы жұмсады. Бұл шығыс Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті қаражаты есебінен төленді».

ЖЫЛ СОҢЫНДА БЕЙНЕКОНФЕРЕНЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРУ – ҚАЖЕТТІЛІК ПЕ, ӘЛДЕ АҚШАНЫ ИГЕРУ МЕ?

Сонымен, біздің бір сауалымыз бірнеше сұрақтың жауабын алып шықты: БЖЗҚ әлеуметтік желіде ақпараттық сүйемелдеуге мүдделі болған, бірақ,Президент тапсырмасынен кейін шартты бұзған; БЗЖҚ үнемі, үздіксіз негізде БАҚ беттерінде ақылы материал жариялап отырады, алайды, оны жарнама деп емес, «Қаржылық сауаттылықтты арттыруға бағытталған» жұмыс деп түсіндіреді әрі халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру Үкімет жүктеген міндет деп атайды.

Айтпақшы, материал дайындалып жатқанда, БЖЗҚ сайтындағы тендерлер туралы соңғы ақпаратты бір тексердік. Жыл соңында, 24 қараша жарияланып, 2 желтоқсанда аяқталған тендердің мәні біздің тақырыпқа жақын болып шықты. БЖЗҚ бейнеконференция ұйымдастыру үшін қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ететін компания іздеп, 12,7 млн теңгенің тендерін жариялаған. Қызметтер саны – 1. Конкурсқа небәрі екі компания қатысқан, бірі «Zerde Business Solutions» ЖШС деп аталса, екіншісі «Полимедиа» деп аталады. «Zerde Business Solutions» компаниясы бір бейнеконференцияға техникалық қызмет көрсетіп, құрал-жабдықтарға сервистық қолдау көрсету үшін 12 млн 700 мың 185 теңге сұраса, «Полимедиа» 12 млн 705 мың 500 теңге сұраған. Қазақстандағы тендерлердің талабы бойынша, барынша аз сома көрсеткен компания, яғни, бұл тендерда «Zerde Business Solutions» жеңіске жеткен.

Әрине, бұл мәселеге қатысты қордың көзқарасы бізге белгісіз. Бір сауалға жауап алу үшін бір айдай уақыт күткенімізді ескерсек, бұл сауалға жауапты биыл алып үлгеретінімізге күмән бар.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан