Құлағында мүкісі бар 84 балаға кохлеарлы имплант орнатылды

Автор: Azattyq Rýhy

Мамандардың айтуынша, бір ай ішінде балалардың есту қабілеті жақсаруы мүмкін

көрнекі фото

Алматыда құлағында туа біткен мүкістігі бар 84 балаға кохлеарлы имплант орнатылды. Құнды аппараттар есту қабілетінен айырылған 18 жасқа дейінгі балаларға тегін орнатылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жоғары технология көмегімен жасалатын операциялар құлағы мүкіс болып туған бүлдіршіндердің есту қабілетін қайтаруға мүмкіндік береді. Құлақтың сыртына арнайы электродтарды орнату арқылы жасалатын ота құны орта есеппен 4,5-5 миллион теңге тұрады. Алайда, аталған қызмет түрі медициналық сақтандыру пакеті есебінен тегін орнатылады. Сақтандыру жүйесі енгізілгелі 84 балаға кохлеарлы имплант орнатылған. №5 қалалық клиникалық ауруханасы сурдология бөлімнің меңгерушісі Наиля Төлепбергенованың сөзіне сүйенсек, кохлеарлы имплантацияны орнатқан балалар бір ай ішінде есту қабілетіне ие болады екен.

«Жалпы, есту қабілетінің оралу мерзімі кереңдік деңгейіне байланысты. Біздің пациенттеріміз ота жасалған соң бір айдан кейін-ақ ести бастайды. Алдымен тіл процессорын іске қосамыз, оларды сөйлеуге, естуге және ұғуға үйретеміз. Есту қабілетінен ерте айырылған балалар реабилитация барысында жаңа дыбыстарды тыңдауға машықтанады, тілін дамытады. Ал сөйлеп жүріп есту қабілетінен айырылған пациенттерді оңалту бұдан күрделірек. Мұндай жағдайда реабилитация алты айдан бір жылға дейін созылуы мүмкін. Себебі біз құлақпен емес, мимен естиміз. Пациенттер алдымен осыны ұғынуы тиіс!» - деді дәрігер.

Тағы бір қызығы, сауыққандардың арасында музыкалық қабілеті жоғары, дарынды  балалардың бар екені де белгілі болған.

«Кохлеарлы имплант қойдырған балалар нашар естиді деуге болмайды. Операция олардың есту қабілетін толығымен қайтаруға мүмкіндік береді. Көмек кешіктірілмей, ертерек көрсетілген жағдайда бала қатарынан қалмай балабақшаға да, жалпы білім беретін мектепте де білім ала алады. Сақтандыру қорынан балаларға отаны жиі жасаудағы біздің басты мақсатымыз да осы!», - деді Найля Мәлікқызы.

Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет тарапынан сақтандырылатын жеңілдігі бар санатқа жатады. Оларға медициналық қызметтің барлық түрі, соның ішінде жоғары технологиялы ота мен жоспарлы стоматологиялық көмек те сақтандыру пакеті есебінен тегін көрсетіледі. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы