11 қаңтардан бастап оқу жылының үшінші тоқсаны басталады.
1-5 сынып оқушылары кезекші сыныптар режимінде оқуларын жалғастырады. Бұл туралы қаланың білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мәлімдеді.
Cонымен қатар, III тоқсанда бітіруші 9 және 11 (12) сынып оқушылары аралас форматта 15 адамнан аспайтын кезекші сыныптар режимінде оқуды бастайды деп жоспарлануда. Нақты шешім ең алдымен қаламыздағы эпдемиялогиялық жағдайға байланысты болады.
Оффлайн өтетін сабақ кестесіне: орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы кіреді. Бұл оқыту пәндерінің 70%-ын құрайды.
Сондай-ақ пәндердің 30%-ы қашықтан оқытылады. Атап өтетін болсақ: информатика, өзін-өзі тану, дене шынықтыру, құқық негізі, алғашқы әскери технологиялық дайындық пәндері қашықтан оқытылады.
Ал вариативті компоненттің пәндері кестеге сәйкес асинхронды түрде жүргізіледі.
Айта кетейік, қалада 9-сыныпта 13 215 оқушы оқыса, 7567 бала 11-сыныпта оқиды.
Мектептерде икемді сабақ кестелері жасалып, сабақтар арасындағы үзілістер әр сынып үшін әр түрлі уақытта ұйымдастырылады. Сабақ уақыты 30 минуттан аспайды, үзіліс 5 минуттан.
Сабақ кестесін құру кезінде жоғары сынып оқушыларының жас ерекшеліктері, олардың қабілеттері мен қажеттіліктері, сондай-ақ 11-сынып оқушыларының жаңартылған білім беру мазмұнына көшуі және кіріктірілген сабақтарды өткізу мүмкіндігі ескеріледі.
Сондай-ақ, сабақтан тыс уақытта оқушылардың оқудағы олқылықтарының орнын толтыру және қорытынды аттестаттауға дайындық үшін 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультациялар ұйымдастырылады. Бұл консультацияларға оқушылар қажеттілігене қарай ата-аналардың келісімімен қатысуына болады.
«Бұл шешім ата-аналар мен педагогтардың пікірін ескере отырып қабылданды. Себебі, өздеріңіз білесіздер, 9 және 11-сынып оқушылары оқу жылының соңында мемлекеттік қортынды аттестациядан және Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Әрине, мектептерде санитарлық шаралар сақталатын болады», - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ басқарма басшысы Шолпан Қадырова мереке күндері сауда-ойын-сауық орталықтарының жұмыс кестесін жариялады.
«Кеше шыққан 250-қаулының 3020-тармағына сәйкес, сауда орталықтары үшін жұмыс күндері сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін, сенбі және мереке күндері сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс режимі орнатылды, жексенбі күндері жұмыс істеуге тыйым салынды», - деп түсіндірді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, сауда орталықтары мен сауда үйлерінде орналасқан дәріханалар, шағын маркеттер, супермаркеттер мен гипермаркеттер бірінші кезекте жұмыс істеп тұрады.
Яғни, алдағы мереке күндері СОО, сауда үйлері мен сауда орталықтары іс жүзінде шектеулі режимде жұмыс істейтін болады.
Сымбат Ғалымжанқызы, Нұр-Сұлтан