СҚО-да малы бруцеллезге шалдыққан шаруалар өтемақы ала алмай отыр

Тілеусай ауылында карантин екі жылдан бері жалғасуда

СҚО-да малы бруцеллезге шалдыққан шаруалар өтемақы ала алмай отыр
Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданына қарасты Тілеусай ауылының тұрғындары бруцеллезге шалдыққан мал үшін мемлекет тарапынан төленетін өтемақыны ала алмай жүр. Кейбірінің алашағы жарты миллион теңгеден асып кеткен. Жарты жылдан астам уақыт бойы әкімдік табалдырығын тоздырған халық барар жер, басар тауы қалмағанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

ЕШ КЕТКЕН ЕҢБЕК

Тілеусай ауылы облыс орталығынан 400 шақырым қашықтықта жатыр. Шалғайдағы елдімекенде 50 шақты шаңырақ түтін түтетіп отыр. Елдімекен тұрғындарының негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Ауылда тұрақты жұмыс болмағандықтан халық төрт түлікпен жан бағып отыр. 
Малға келген жұқпалы дерт халықтың берекесін былтырдан қашырған. Қорадағы ірі қара жаппай бруцеллезге шалдыққан. Өтемақының төленбеуі жығылғанға жұдырық болып тиді. Ауру малды Көкшетау қаласындағы қасапханаға тапсырғандарға өтемақы берілсе, сиырларын Қостанайға апарғандар сан соғып қалған. 

«Ауылдастарымыздың бірі жеке кәсібін ашып, Павлодардан сиырлар әкелді. Жаңа сатып алынған мал карантинде тұрған жоқ. Содан кейін сиырлар бұзау тастай бастады. Мұндай құбылыс нодулярлық дерматит кезінде де болады екен. Жазда әдеттегідей жоспарлы сараптама алынды. Бірлі жарым сиырдан бруцеллез дерті анықталды. Мал дәрігерінің ұсынысы бойынша вакцина қоюды ұйғардық. Мамандар бізге екпе жасалған сиырдың сүтін ішуге болмайтынын да айтқан жоқ. Біз білместікпен оны тұтындық. Ауру малды Қостанайда ет өңдеу комбинатына емес, мал сою цехына апарыпты. Сонда жасалған сараптама сиырлардың сау екенін көрсеткен. Сол жерде сойылған малды базарларға өткізген. Өйтпегенде ет бүлініп кетеді. Облыс әкіміне дейін хат жаздық. Ол мәселенің түйінін жергілікті жерде анықтауды тапсырған екен. Аудандық бөлім анықтама қағазы болмағандықтан құжаттардың түгел емес екенін айтып отыр. Осылайша, біздің қолымызға өтемақы алуға мүмкіндік беретін анықтама да тимеді. Енді соның кесірінен облыстық ветеринария басқармасынан өтемақы ала алмай отырмыз. Бағып отырған малымыздан айырылып қалдық. Бармаған жеріміз жоқ. Соның кесірінен жүйке жұқарды», - дейді Тілеусай ауылының тұрғыны Маргарита Горюнова.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, Қостанай базарларына өткізілген мал арзан бағаға сатылған. Еттің нарықтық құнынан әлдеқайда төмен. Келісіне 900-1200 теңгеге бағаланыпты. Сондықтан шаруалар асырап баққан малының тиісті қаражатын ала алмаған. Мемлекет тарапынан төленетін өтемақыдан да қағылып қалған.

КАРАНТИН ЕКІ ЖЫЛ ҚАТАРЫНАН ЖАЛҒАСУДА 

2019 жылдың қаңтар айында ауыл бруцеллез бойынша карантинге жабылған. Екі жылдан бері тұрғындардан тыныштық қашқан. Ауру малмен бір әлек болса, тиісті қаражат қолдарына тимей екі әлек. Зейнеткер Айман Қазинованың былтыр 20 сиыры болыпты. Уәлиханов аудандық ветеринария бөлімінің мамандары жасаған сараптама бойынша оның 18-інен жұқпалы дерт анықталған. 

«Малдан ауру шыққанда қатты үрейлендік. Өзіміздің бала-шағаның денсаулығы үшін алаңдағанымыз рас. Дертке шалдыққан сиырдан не пайда? Мал дәрігерлерінің айтқанын істеуге асықтық. Сиырларды өз қолымызбен мамандарға тапсырдық. Бірнеше мәрте келіп, 18 бас шығарды. Шындығында, тірідей алдына салып берген малды қайда әкетіп жатқанынан да бейхабар болдық. Қайсының қандай бағаға өткізілгенін, нақты неше келі ет шыққанынан бейхабармыз. Ауылда сараптама «ауру» деп көрсеткен малды алып қалмақ болғандар да табылды. Ветеринарлар соңынан полиция қызметкерлерін ерте келді. Ірі-қараны күшпен әкеткендей болды. Кейбір малды Көкшетауға, кейбірін Қостанайға апарғанын айтты. Неге олай болғанын білмедім», - дейді ауыл тұрғыны. 

БИЛІК СЫРТТАН БАҚЫЛАП ОТЫР

Ал Көкшетауға апарылған малға бруцеллезге шалдыққаны жайында анықтама берілген. Бір қалаға апарған мал ауру, екіншісіне жөнелткені не себепті сау болып шыққанын тұрғындар түсіне алмауда. Малдың ауру болғанына күмән басым. Мәселенің мән-жайын білу мақсатында Қостанайға хабарластық. Мардымды жауап болмады. Ал облыстық ветеринария басқармасы қасапхананың қағазы қажет екенін айтты. Ресми құжатсыз шаруаларға қаражат жоқ.

«Малы бруцеллезге шалдыққан тұрғындар жеті түрлі құжат тапсыруы тиіс. Бұл жолы тұрғындар өнімнің азыққа жарамсыздығы туралы және малдың етінің қайта өңделуі туралы құжатты тапсырмады. Негізі, биыл Уәлиханов ауданының 98 тұрғынынан өтемақы жөнінде  өтініш келіп түсті. Оларға ірі қараның 160 басы үшін 13 миллион теңге қаражат төленді», - дейді СҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы Наталья Тараканова.

Осылайша, қарапайым халық таза еңбек, маңдай термен баққан малының ақысын ала алмай отыр. Билік өкілдері мәселенің ақ-қарасын ажыратудан гөрі, анықтама қағазының жоқтығына сілтеп, сырттан қарап отыруды жөн санаған сыңайлы. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.