Атыраудағы әйелін ұрғандар мен мас жүргізушілер қамауға алынатын «спецприемник» (ФОТО)

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері орталыққа 1443 адам түскен, оның ішінде әйелдер де бар

фото: azh.kz

Мас күйінде көлік жүргізгені үшін 15 күнге, әйелін ұрғаны үшін 3 күнге, көшеге қоқыс тастағаны үшін 1 күнге қамалғандар туралы жиі естиміз. Әкімшілік құқықбұзушылық үшін уақытша қамауға алынатын бұл орын халық арасында «спецприемник» деп аталып кеткен.

Сондай «спецприемник» - Атырау қалалық Полиция басқармасының әкімшілік тәртіппен ұсталғандарды арнайы қабылдау орны православ шіркеуі маңында 2 қабатты ғимаратта орналасқан. Орталыққа қатысты «Ақ Жайық» басылымы жасаған фотрепортажды ұсынамыз.

«Жыл басынан бері біздің орталыққа 1443 адам түсті, оның 19-ы – әйел. 571 адам мас күйінде көлік жүргізгендері үшін әкімшілік қамаққа алынған, отбасылық жанжал шығарып, күш қолданғаны үшін 261 еркек пен 1 әйел қамауға алынды», - деді орталықтың бастығы Нұрлыбек Қаршегенов.

Орталық 70 адамға арналған 8 палатадан тұрады. Иә, бұл жерде камераны «палата» деп атайды. Сондай-ақ, олар ерлер және әйелдерге бөлек арналған. Тергеу изоляторымен салыстырғанда іші кең әрі таза. Бірақ терезелері темір тормен бекітілген.

Мемлекет үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз еткенімен, қамаудағыларға туған-туыстары тамақ әкеле алады. Бұл жерде де тергеу изоляторындағыдай тамақтар тексеріліп, тіпті заңсыз сәлемделер де табылады. Мәселен, ұялы телефондар шыққан фактілер болған. Қазір коронавирус пандемиясына байланысты әкімшілік құқық бұзушылар тек ПТР-тест жасалғаннан кейін осы жерге қамалады. Ал әкімшілік сот отырысы онлайн өтеді. 

Бірнеше мысал келтіре кетейік. Осы жылы 18 жасқа енді ғана толған қыз 15 күнге қамауға алынған. Туған күнін атап өтіп, мас күйінде көлік басқарып, полиция қызметкерлеріне ұсталған.

Сондай-ақ, орталыққа түскен ең қарт адамның жасы 62-де. Ол да мас күйінде көлік жүргізген. Оған қоса, бұл жерге Ирландия және АҚШ-тың 2 азаматы мас күйінде ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жеткізілген.

«Науқастарға да жағдай жасалған. Бөлек медициналық бөлме бар. Егер қамаудағы азамат қатты ауырса, жедел-жәрдем шақыртып, ауруханаға жеткіземіз. Бұл ретте ауруханада жатқан уақыты шегерілмейді», - деп түсіндірді орталық бастығы.

Айта кету керек, мейрам күндері мекеменің «қонақтары» көп болады екен.