«Қудалау жалғасып жатыр»: медицина университетінің ұжымы Алексей Цойдан көмек сұрады

Автор: Azattyq Rýhy

ЖОО-да қызметкерлер мен басшылық арасында түсініспеушілік туындаған

фото: kz.testing.kz

Астана медицина университетінің ұжымы Денсаулық сақтау министріне ЖОО басшылығының үстінен шағымданды. Бұл туралы «Ашық диалог» порталында жазылды.

Ұжымдағы қызметкерлердің хабарлауынша, ЖОО-ның ұжымы мен оның басшылығы, сондай-ақ Директорлар кеңесі арасында түсініспеушілік болған. Содан бері мекемеде осы жылдың тамыз айынан бастап жағдай шиелінісе түскен. Түсініспеушілік салдарын анықтау үшін Денсаулық сақтау министрлігі арнайы комиссия құрып, іске араласқан екен.

«Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша вице-министр Ажар Ғиният пен ұжымның арасында кездесу өтіп, онда басшылықтың ұжыммен өзара қарым-қатынасын жолға қою, университет қызметкерлерін қудалауға және жұмыстан шығаруға жол бермеу туралы ұсыныстар айтылды. Өкінішке қарай, бұл ұсыныстар еленбеді және қызметкерлерді қудалау мен жұмыстан босату әлі де жалғасуда», - деп жазылған өтініште.

Шағымданушылар Директорлар кеңесі мен басқарма құрамында кәсіподақ ұйымының өкілі жоқтығы ДСМ салалық келісіміне қайшы екендігін алға тартқан.

«Бүгін АМУ ұжымы Директорлар кеңесінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы шешімімен оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Г. А. Жақсылықовамен еңбек шартын қандай да бір негізсіз бұзу туралы шешімді естідік. Ал осы лауазымға М. А. Дәулетьярова ұсынылған. Дәулетьярова бұрын университетте ғылыми жұмыс жөніндегі проректор болып жұмыс істеген. 2020 жылдың қазан айында қанағаттанарлықсыз жұмысы үшін онымен еңбек шарты бұзылған. Алайда, бұған қарамастан кейін оны университеттің стратегиялық даму орталығының жетекшісі етіп тағайындады. Ол жұмыс уақытында жұмыс орнында болмайды. Ұжымда сұрақ туындайды: қанағаттанарлықсыз жұмысы үшін қызметінен босатылған адамды академиялық жұмыс жөніндегі проректор лауазымына қалай тағайындауға болады?» - делінген.

Университет ұжымында туындаған күрделі моральдық-психологиялық ахуал білім беру жүйесіне де әсер етіп жатқан сыңайлы.

«Қазіргі уақытта Директорлар кеңесінің ешқайсысы білім беру процесінің бұзылу қаупіне қатысты жауапкершілікті мойнына алмайды. Құрметті Алексей Владимирович, университет ұжымы Сізден қалыптасқан жағдайды түсініп, «Астана медицина университеті» КЕАҚ Директорлар кеңесі шешімінің күшін жоюды және проректор Г.А. Жақсылықовамен жасалған еңбек шартының мерзімін ұзартуды сұрайды», - деп жазған ұжым атынан жазылған шағымда.