$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.12.2020, 12:47
Қоғам

Ақмола облысында білікті заңгері жоқ қарапайым шаруалар жерінен айырылып жатыр

Кәсіпкерлердің бірі облыстық басқарманы сотқа берді

Ақмола облысында білікті заңгері жоқ қарапайым шаруалар жерінен айырылып жатыр
көрнекі фото

Ақмола облысында егін егіп, мал баққан қарапайым шаруаларға жасалатын қысым көбейген. Еткен еңбегі далаға кетіп, мемлекеттік органдардан жапа шеккендердің кәсібі банкротқа ұшырап, өздері жұмыссыздар қатарын толықтырған.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Ақмола облыстық филиалының мәліметтеріне сенсек, облыста 2018-2019  жылдардың өзінде 370 кәсіпкерге қатысты жер учаскелерін жалдау келісімшарттарын бұзу бойынша талап арыз жазылған. Соңғы екі айда жер мәселесі бойынша көмек сұрап келушілердің қатары еселеп артқан.

«Шартты игерілмейтін жер иелері емес, керісінше, сол жерді ұқсатып, өңдеп жатқандар бұзып жатыр. Облыстың жерді қорғау және қолданылуын бақылау басқармасы бұл жұмысқа білек сыбана кіріскен. 2018-2019 жылдары жермен айналысатын 370 кәсіпкерге қатысты жерді жалдау келісімшартын бұзу талап арызы берілген. 2019 жылдың 19 сәуірінде облыс әкімі Ермек Маржықпаев бұл мәселенің соңғы нүктесін қойған. Әкім басқармаға тек жер заңнамасы нормаларын бұзғандарға ғана шара қолдану туралы хаттамалық тапсырма жүктеген. Алайда, іс жүзінде сот процестерінде жерге егін егіп, малын бағып жатқан, бірақ білікті заңгері жоқ қарапайым шаруалар жеңіліп, жерінен айырылып жатыр. Ал учаскесі саудаға қойылатын аукционға қатысып, сатып алуға олардың жағдайы жоқ», - дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрайымы Валентина Геращенко.

Ондаған жылдар бойы мал өсіріп, сүтін жергілікті «Гормолзавод» кәсіпорнына өткізіп жүрген «Вита» ЖШС басшысы Виталий Губаль да осындай жағдайға душар болған.

«Мен бұл жерде 2011 жылдан бері жұмыс істеп келемін. 12 жылдан бері «Гормолзавод» зауытына күніне 300 литрге жуық сүт өткіземін. Мал жайылатын жерге шөп егіп, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алып, мал басын да көбейттім. 2016 жылы жерді жалдау келісімшартының мерзімі аяқталған. Дәл осы жылы мал қораларым өртеніп, қара малдың біразы қырылды. Келісімшартты ұзарту үшін әкімдікке арызды 2017 жылдың басында бердім. Бірақ құжаттарым тек 2018 жылдың тамызында қолыма тиді. Жерге құқық беретін құжаттарды беру мерзімі бірнеше мәрте бұзылды. Басқармадағы құжаттарым бірнеше мәрте жоғалған. Сүт тауарлары фермасын салмақ болғанмын. Сол үшін дайындаған 22 гектар жерімді жалдау уақытының мерзімі асып кетті деген желеумен сот арқылы тартып алды. Қазір жаңа ашылған деректерге сәйкес басқарманы сотқа беріп, жерімді қайтарып алмақпын. Бұл жерге су және жарық тартуға әкімдіктің рұқсаты берілген. Ал қазір 300 гектар жайылым жерді де тартып алу қаупі төніп тұр. Елуге жуық ірі қара мен оннан астам жылқы малым бар. Оларды енді қайда апарамын? Жылда әкім қолынан жерді жақсы игеріп, жұмысты жүргізгенім үшін мақтау қағаздарын алып келемін. Бірақ осындай жетістіктеріме қарамастан жергілікті билік тарапынан заңсыз әділетсіздіктерге тап болып отырмын. Бұл сонда әділеттілік пе? Неге соншама жылғы маңдай терім мен шығарған миллиондаған теңге қаражатым зая кетуі керек. Бұлай болмауы керек. Облыстық апелляциялық соттың әділ шешім шығарып, жүрігізіп жатқан жоспарыма сәйкес сүт тауарлары фермасын жасайтын жерімді қайтарып береді деген үміттемін. Менің барлық құжаттарым мен дәлелдерім де толық. Бұл орайда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына мені қолдап әділеттілік жолында біршама жұмыстар жасағаны үшін шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта іс насырға шаппай, әділдік орнайды деген сенімдемін», - дейді Виталий Романович.

Кәсіпкерлер палатасының өкілі Валентина Геращенконың айтуынша, кәсіпкер Виталий Губаль бар күш-қуаты мен қаражатын жұмсап, жерді игерген. Бірақ қазір бар жерінен айырылып қалу қаупі төнген.

«Ал енді біреулер сол өңделген жерді аукцион арқылы сатып алмақ. Егер сенің жеріңді тартып алса, қалайша алдағы бизнесіңнің болашағына қатысты жоспар мен жобалар құра аласың? Тағы бір таңғалдыратыны, талап арыздар шынымен игеріліп жатқан жерлерге берілуде. Ал игерілмейтін жерлер сол күйі қалып жатыр. Облыстық прокуратура 1,5 миллион гектар игерілмеген жерді анықтаған. Кәсіпкердің бір жылдан астам уақыт жер қатынастары бөліміне құжаттарын тасығаны, олардың жоғалып кетіп, қайта арыз бергені, жалдау мерзімін ұзартудың орнына қателесіп жерді ұсынғаны назарға алынбаған.  Атап өтетін тағы бір жайт, еліміздегі Жер кодексі жер мәселесіндегі құқықтық қатынастар жер заңнамасынан әлдеқайда алыстап кеткен. Оны түбегейлі жетілдіру қажет. Жер кодексі жер қатынастарының барлық субъектілерінің тең қорғалуын қамтамасыз етуі тиіс. Алайда, іс жүзінде мемлекеттік мүдде үстемдік құрып тұр. Бұл өз кезегінде әлеуметтік шиеленіс тудырады. Ал басқарма енді кәсіпкердің 307 гектар жайылым жеріне де екінші талап арыз дайындап жатыр. Бұл мемлекет тарапынан шынайы рейдерлік емес пе? Егінін алып, қысқа әзірленген кәсіпкер енді сотта қайта тартысуға мәжбүр», - дейді Валентина Геращенко.

Аталған мәселе жөнінде Ақмола облысы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының пікірін білмек болдық.

«Жер учаскелерін тексеру барысында аталған «Вита» ЖШС тарапынан жалдау келісімшартының мерзімінде заңбұзушылық болғаны анықталды. Бізге талап арыз беру туралы нұсқау келіп, сотқа бердік. Әрине, Виталий Губаль сол кездері құжаттарының жоғалып кеткенін мәлімдеді. Бірақ оның айтқаны құр сөз. Ешқандай дәлелі жоқ. Ол кездегі жер қатынастары бөлімінің қызметкерлері де жұмыстан босатылған. Сотта барлығы түгел қаралды. Біз сот барысында жеңдік. Ал егер ол жерді беретін болсақ, бұл нақты сыбайлас жемқорлық болар еді. Ол апелляциялық сотқа шағымданған. Жерін алғысы келсе, заңды негізде аукционға қатысып учаскесін алсын. Еш қарсылығымыз жоқ», - дейді басқарма басшысы Ерғали Шорин.

Кәсіпкер басқарманы тағы сотқа бермек. Істің одан әрі қалай өрбитіні әзірге белгісіз.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары