Оның Qaztest-тен бірқатар айырмашылығы бар
Мемлекеттік басқару академиясы қазақ тілін жетілдіру мақсатында азаматтар үшін ақылы тест әзірлеп шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілішісі.
Мамандардың айтуынша, академия ұсынған жаңа жоба түрлі әдістемелік жұмыстарды қамтып, бірнеше жыл бойы әзірленген. Жаңа тест мемлекеттік қызметшілердің кәсіби жаза білуін, көпшілік алдында нақты аргументпен сөйлеуін, шешендік дағдысын қалыптастыруға және жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ, оның Qaztest-тен бірқатар айырмашылығы бар.
«Qazaq Resmi Test жобасының Qaztest-тен бірнеше айырмашылығы бар. Бірінші айырмашылығы – біздің тестіміз ықшам. Тест көбіне ресми іскерлік стиль шеңберінде жасалды. Тыңдаушының немесе маманның жаза алуы, ресми мәтін құрастыра алуы, сұхбаттаса алуы, көпшілік алдында сөйлеу дағдыcы анықталады. Qaztest - көлемді тест. Ол жерде академиялық тілді меңгеру бағытталған. Qazaq Resmi Test онлайн режимге негізделгендіктен, уақыт үнемдеуге де жақсы. Қауіпсіздік толық қамтамасыз етілген», - дейді тестілеу әдістемесі авторларының бірі Назигүл Төленбергенова.
Qazaq Resmi Test-тің базасы толық жаңартылған. Сондай-ақ тест тапсырушылардың тілді меңгеру деңгейі А1 мен В2 арасындағы көрсеткішке ие болса, олардың сертификаты 3 айға, С1 мен С2 деңгейіндегі азаматтардың сертификаты үш жылға жарамды болмақ. Алайда аталған тестті тек ақылы түрде өтуге мүмкіндік бар. Оның құны – 5 мың теңге.
«Тестті жеке тұлға тапсыратын болса, төлемді сайт арқылы жасауға мүмкіндік бар. Егер ол заңды тұлға болса, бізге хабарлама жіберуі тиіс. Біз сәйкесінше, аталған тест төлемін есептеп, арнайы промокод әзірлейміз», - деді TALANTIZ ЖШС басқарушы серіктесі Дана Жақыпова.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан