Оқиғаға қатысқан 11 адам ұсталды
Елорда полиция қызметіне 22 желтоқсан сағат 23:30-да Бетон зауытының аумағында төбелес болып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері жеткен.
Төбелес салдарынан ауруханаға екі ер адам жеткізілді. Бірінің кеуде қуысына оқ тисе, екіншісі пышақ жарақатын алған. Оқиға салдарынан екеуі де қайтыс болды. Полиция қызметкерлері қаза тапқандардың жеке басын анықтады. Олар Қызылорда облысында туып өскен 39 және 44 жастағы ер адамдар болып шықты.
«Сондай-ақ ауруханаға оқ тиген 24 жастағы жігіт жеткізілді. Жанжал қарыз міндеттемесіне қатысты туындаған. Соңы төбелеске ұласып, суық және атыс қарулары қолданылған. Оқиғаға қатысқан 11 адам анықталып, ұсталды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді», - делінген Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.