«Әкімдік бізді ұмытқан»: ШҚО-да бүтін бір ауылды қар басып, тұрғындары қар суын ішіп отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Ауыл халқы бұл көріністің жылда қайталанатынын айтады

ШҚО-да бүтін бір ауылдың тұрғындары көшеге шыға алмай отыр. Қалың қар күрелмегендіктен, жүріп-тұру мүмкін болмай қалды. Жергілікті халықтың айтуынша, әкімдіктің техникалары бұл ауылды айналып өтеді екен. Ал қар қалың түскендіктен тұрғындар көшенің емес, өздерінің ауласын аршуға шамалары әрең жетеді. Мұндағы халықтың дені қарт кісілер, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Алты айға созылатын қыста көшенің қары күрелмейтін ауылдың атауы – Сметанино. Елдімекен Глубокое ауданындағы Қожохов ауылдық округіне қарайды. Қараусыз қалған ауылда ұзын саны отыз шақты ғана адам, қысқа ғана екі көше бар.

«Міне, мынау біздің ауыл, көше ешқашан қардан тазартылмаған. Трактор күремейді. Ауылдан 1,5 шақырым жерде шахта бар, соған апаратын жолдың қарын күрейді де, ауылдың ішкі көшесіне жоламайды. Оқушылар Қожоховоға барады, орталыққа. Қазір сабақ онлайн болғандықтан, үйде отыр. Сыртпен байланыс жасау үшін көшені омбылап, жалғыз аяқ жол саламыз. Көше тазаланбайтын болғандықтан, машина алты ай гаражда тұрады. Ауылдағы қарттардың орталыққа, ауруханаға баруы азап», - дейді ауыл тұрғыны Пернегүл Тұрсынханқызы.

Ауылдың төменгі жағынан әкімдік былтыр тоқ арқылы су шығаратын станция орнатып берген. Алайда, қардың қалыңдығынан тұрғындар етектегі құдыққа да жете алмай отыр. Ауласында құдығы жоқтар амалсыз қар суын ерітіп пайдалануға мәжбүр. Ауылда 6 оқушы бар, олар Перевальный атты көрші ауылдың мектебінде оқиды.

«Мұнда негізінен қарттар тұрамыз, шахтада жұмыс істейтін жас отбасылар да бар. Қар былтыр үйдің бойымен бірдей болып қалың жауды. Қазір де ақ бұрқақ болып тұр. Көшенің қарын тазалап бермейді. Көктемге дейін осы, сыртпен байланыс жоқ. Ешкі, сиыр бағамыз. Ауылда, таудың түбінде отырсақ та жазда жайылым жоқ, айналаның бәрі егін. Қыста қар құрсауында қаламыз осылай.  Осындай қысылған кезде әкімдік жолды тазалап, ашып бермейді. Округтегілер бізге көңіл бөлмейді. Үлкен жолға шықсақ аялдама жоқ, ұйтқыған боранда жолшыбай шахтадан өткен көліктерді тосып тұрамыз. Қауіпті, әсіресе балаларға қиын. Бір аялдамаға зар болдық. Қымбатқа салдырыпты құдықты, енді сол су алатын құдыққа да жете алмай отырмыз», - деді Фарида есімді зейнеткер.

Қар құрсауында қалған Сметанино ауылы орталықтан 20 шақырым қашықтықта.  Анда-санда жүретін қоғамдық көлік те пандемияға баланысты мүлдем тоқтаған. Ал округ әкімінің сөзінше, тұрғындар тарапынан арыз түспегендіктен, көшенің қары да тазаланбаған.

«Ауыл адамдары шағымданса, жол тазалау техникасын қосуға болады. Мен әкім болып 2020 жылы тағайындалдым. Маған белгілісі, Сметанино ауылындағы көшелердің қарын тазалау бюджеттен қарастырылмаған. Ауылдың ортасында екі көше бар. Ауылға интернет қосылған. Былтыр 7,5 млн теңгеге су шығаратын модульді станция салынды. Ол ауылдан төмен, етекте орналасқан. Ауылда 29 адам тұрады, оның 11-і шахтада жұмыс істейді, 8-і зейнеткер, 6 оқушы бар. Әкімдік алдағы уақытта бұл мәселені назардан тыс қалдырмайды. Келесі жылдың бюджетіне қосады. Бұдан басқа тағы екі округтің көшелерін шаруа қожалықтарының техникалары тендер арқылы тазалап келеді», - деді ШҚО Глубокое ауданы Қожохов ауылдық округінің әкімі Фарида Шаяхметова.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Тегтер: