Қазақстанда маскүнемдікпен күрес қалай жүріп жатыр?

Алматыда өткен жылы 23 адам алкоголь өнімінен қайтыс болған

Қазақстанда маскүнемдікпен күрес қалай жүріп жатыр?
Фотоколлаж

БҰҰ деректеріне сәйкес, Қазақстан алкоголь салдарынан болған өлім деңгейі ең жоғары елдер рейтингінде 10-шы орында тұр.

Мәселен, бір ғана Алматының өзінде өткен жылы 6 000-нан астам адам алкоголь өнімінен уланған, оның ішінде 2 мың адам ауруханаға жатқызылды. 23 жағдай өліммен аяқталды. Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті осындай мәлімет берді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараты бойынша, жыл сайын әлемде алкогольдің әсерінен болатын аурулардан 3 миллионнан астам адам қайтыс болады. Жер шарындағы әрбір 20-шы адам алкогольді тұтыну салдарынан қайтыс болады, олардың 75%-ы – ер адамдар.

Алкогольді теріс пайдалану салдарынан болатын өлімнің төрттен бір бөлігі көлік апаттары, төбелес және өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттеріне алып келеді. Тағы төрттен бірі – асқазан-ішек аурулары, 19%-ы жүрек аурулары, қалғаны жұқпалы аурулар, қатерлі ісік және психикалық бұзылулар туындатады.    

Azattyq Rýhy тілшісі психиатр, нарколог, психотерапевт Руфия Русаевамен сұхбаттасқан еді.

- Сіздің тәжірибеңізде алкоголизмнен емделіп жатқан адамдар көп пе? Олардың ортақ портреті қандай, сипаттап беріңізші?

- Иә, менің жұмыс істеп жатқаныма көп уақыт болды. Өз тәжірибеме сүйеніп, алкоголизмге құштар адамдардың ортақ портреті жоқ екенін айта аламын. Олардың әрқайсысы әр түрлі. Бір ғана ортақ сипаттама – олардың қай-қайсысы да өз-өзінен қашып жүрген адамдар. Сонымен қатар, басым бөлігі ер адамдар деп айтар едім. Себебі, бала кезден бастап, әйелдерге эмоциясын ашық көрсетуге рұқсат беріледі. Жауапкершілікті терең сезінген нәзік жандылардың, шын мәнінде, ерік-жігері мықтырақ.

- Адамдар не себепті алкоголь немесе есірткіге жүгінеді, қалай ойлайсыз? Оның себебі тереңде ме?

- Оның себебін балалық шақтағы жарақаттардан іздеген жөн деп ойлаймын. Араққұмарлар немесе есірткіге құмар болып жүргендер дәл сіз бен біз сияқты жандар. Шынтуайтында, әркімнің де жан жарасы бар. Проблемасы немесе мазалайтын мәселесі жоқ адам жоқ. Тек кейбір адам оны өз бетімен жеңе біледі, ал кейбірі шеше алмайды. Мәселен, ер адамдардың көбі 30, 40, тіпті, 50 жасқа келсе де, әлі ер жете алмай жүргендіктен, осындай құмарлыққа ұрынады. Шектен тыс көрсетілген махаббат пен қорғаншылық өз зардабын тигізері сөзсіз.

- Адамда құмарлық сезімі қалай қалыптасады және қалай «жұмыс істейді»?

- Есірткіге құмарлықпен салыстырғанда, араққұмарлық жылдар бойы қалыптасады. Мәселенің бәрі мида. Компульсивті типтегі құмарлықта адам робот сияқты, жаман әдеттерден айыға алмайды.

- Құмарлықтан қалай емделуге болады?

- Тек қана адамның өзінің ынта-жігерінің көмегімен ғана емделуге болады. Бұл ретте айтарым, әр адамға әр түрлі тәсілді көру керек. Қайсының көмегі болады, соны қолданған дұрыс. Дәрі-дәрмектің көмегімен емделу, кодтау, психотерапия, реабилитация, гипноз, тіпті, шамандардың емінен пайда болса, оның да ешқандай зияны жоқ. Әлемдік ғалымдар зерттеуіне сүйенсек, белгілі бір әдіс мықты, екіншісі зиян деген пікір жоқ.

- Емделуге қанша уақыт кетеді?

- Әр түрлі. Психотерапиямен емделген адамға құмарлықтан арылу үшін жарты жылдан бастап, үш жылға дейін уақыт қажет болуы мүмкін. Оның бәрі емделушіге байланысты. Құмарлыққа салынудың себептерін тереңінен іздеп, емделуге де немесе «стоп» деп, бір-ақ күнде ол әдеттен бас тартуға да болады. Ең бастысы - мидағы құмарлықтан арылу.

- Емделу кезінде жақындарының көмегі қаншалықты маңызды?

- Өте маңызды. Адам өзін жалғыз сезінбес үшін жақындарының қолдауы аса қажет. Егер, құмарлыққа салынған адамның ата-анасы қорғап, асыра сілтеп, жақсы көрген болса, ол да зиян екенін айттым. Мұндай жағдайда емделушінің ата-анасына да психотерапевттің көмегі қажет екенін атап өткім келеді.

- Сұхбатыңызға рахмет! 

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.